ШҚО-да 365 адам қызылшаға қарсы вакцина алғаны жайлы жалған құжат жасатқан
Сондай-ақ екпе алудан медициналық көрсетіліммен негізсіз бас тартудың 55 фактісі анықталды
Шығыс Қазақстан облысында 365 адамның қызылшаға қарсы вакцина алғаны жайлы жалған құжат жасатқаны анықталды. Бұл туралы ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ШҚО Прокуратурасы қызылша ауруы өршіген тұста өңірде жалған вакцинация фактілері тіркелгенін анықтады.
«ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен қызылша бойынша жағдайды жақсарту үшін бірқатар санитарлық-эпидемиологиялық және санитарлық-профилактикалық шара қабылданды. Соның ішіндегі инфекцияның алдын алудың тиімді әдісі – вакцина егу. Алайда тексеру барысында облыс бойынша халыққа жалған екпе егудің 365 фактісі, екпе алудан медициналық көрсетіліммен негізсіз бас тартудың 55 фактісі анықталды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар медициналық мекемелер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды 11 рет бұзған.
«Қадағалау актісі бойынша заңбұзушылықтарды жою және лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту бойынша шаралар қабылдануда. Қызылша ауруының өршуіне жол бермеу үшін азаматтарды екпе шараларына белсенді қатысуға шақырамыз», - делінген ақпаратта.