Ислам дінінде әйелдің мәртебесі жоғары
Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы Исламдағы әйелдердің мәртебесі мен қыз алып қашуға қатысты ұғымды түсіндіріп берген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Еске сала кетейік, эстрададан кеткен Рүстем Жүгінісов өзінің айналасындағы еркектердің 95 пайызы көп әйел алғысы келеді деген пікірін жеткізген. Ол өзінің де 4 әйел алғысы келетінін айтқан.
Azattyq Ruhy тілшісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарласып, көп әйел алуды насихаттайтын адамдарға қандай шара қолдану керек екенін сұраған. Өйткені, Атыраудағы Ұлттық Құрылтай кезінде президенттің өзі көп әйел алуды насихаттайтындарды қатаң сынға алған еді.
Біздің сауалымызға жауап ретінде ҚМДБ ресми сайтында исламдағы әйелдердің мәртебесі жайлы 2020 жылы жарияланған материалдың сілтемесін жіберді. Бүгінге дейін оны 127 мыңнан астам адам оқыған. Әйел мен ердің мәртебесі мен міндеті жайлы Құран аяттары тәпсірленген. Солардың маңыздыларын шығаруды жөн көрдік.
Құран аяты: «Әйелдердің күйеулерінің алдында міндеттері болғанындай, ер азаматтардың да әйелдерінің алдында заңды міндеттері бар».
Қысқаша түсіндірме: Бұл жердегі міндет – ер адамның жанұя напақасын табу, әйелге көркем мінезбен қарым-қатынас жасау, зиян келтірмеу
«Бой ұрып тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірім орнатқандығы да, оның белгілерінің бірі. Ой жүгірте білетін қауым үшін, мұнда көптеген ғибрат бар екені шүбәсіз».
Қысқаша түсіндірме: Алланың шексіз құдірет иесі екенінің белгісі – өздерің тектес әйелдерді жаратуында. Әйел адамды жындардан, хайуандардан және басқа мақлұқаттардан жаратпады. Әйелдің ер адамға ұқсатып жарату себебінен екеуінің арасында махаббат, сүйіспеншілік бір-біріне деген тартылыс күші орнаған. Аяттағы «сүйіспеншілік, мейірім» деген сөздерге қатысты Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Сүйіспеншілік – ер адам мен әйел адам арасындағы махаббат, ал мейірім – бір-біріне деген жанашырлық, зиян тигізбеу» деп түсіндірген
Ибн Адий: «Базардан жеміс-жидек алып үйіне әкелген адам садақа сауабын алады. Әкелген жемісті ұл балаларынан бұрын қыз балаларына берсін! Әйелдерді, қыздарды қуантқан адам Алладан қорқып жылағандардың сауабын алады. Ал Алладан қорқып жылағандардың денесі тозаққа харам болады» деп қызды қадірлеуді өсиет еткен екен.
Материалда 4 әйел алу жайлы дерек ешбір жерде кездеспейді.
Ал Президент сынаған қыз алып қашуға қатысты Мүфтият арнайы пәтуа шығарған.
«Қыз алып қашу өз заманында қоғамның қажеттілігіне орай пайда болған үрдіс. Қалыңдықты құда түсіп алуға шамасы келмеген отбасылар өзара келісіп, қызды алып қашуға рұқсат берген. Енді қоғамдағы қыз алып қашудың көріністері мен шариғаттағы үкімін атап өтсек».
Қыз алып қашудың негізгі көріністері мыналар:
1) Қызды бір көріп, оның еркінен тыс қалыңдық етемін деп зорлықпен алып қашу;
2) Алып қашу қыздың келісімімен болады, бірақ қыздың әке-шешесі оған қарсы.
3) Құдалық шараларын атқаруға шамасы келмеген отбасылар өзара келісіп, қызды алып қашуға рұқсат береді.
Бұлардың шариғаттағы үкімі: Қызды еркінен тыс зорлықпен алып қашу шариғатқа қайшы.
Оған дәлел: Біріншіден, некелесіп отбасын құру – аса жауапты қадам. Ол адам баласының ұрпағы қияметке дейін жалғасу үшін шариғаттың бекітіп қойған заңдарының бірі. Неке қиюды Алла Тағала Қасиетті Құранда ауыр серт, берік уәде деп атаған: «Екеуің ең баста өзара келіссеңдер және әйел сендерден берік уәде алса (некеге отырса), одан қалай ғана қалыңмал қайтарып аласыңдар?»
Неке дұрыс болу үшін оның арнайы рүкіндері мен шарттары орындалуы тиіс. Рүкіні - ижаб пен қабул (жігіт пен қыздың ризалықпен үйленуі). Некенің дұрыс болуының шарттары - уәлидің келісімі (қыздың әкесі немесе аға-інілері т.б.), екі куәгер және мәһір (қыздың сыйақысы) берілуі. Қыздың разылығы некенің басты рөлін атқарады. Ол жәйлі Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Қыз келісімін бермейінше тұрмысқа шықпайды», – деді.
Сонымен қоса уәлидің (әкесінің, аға-інісінің) рұқсатынсыз неке де дұрыс болмайды. Міне, осы нұсқауларға байланысты қызды бір көре салып қалыңдық етемін деп зорлықпен алып қашу некенің негізгі рүкіндері мен шарттарына қайшы келеді.
Екіншіден, бойжеткен уәлиге аманат. Ата-анасы оны өзгеден қорғап, жауапкершілігіне мұқият қарауы, ойы жаман, ниет-пиғылы теріс адамдардан, тілдейтіндерден, сұқ көздерден қорғауы тиіс. Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «...Ер кісі өзінің отбасына басшы және оларға жауапты...» – деген[3].
Ал қызды алып қашу – біреудің аманатына қол сұғу. Үшіншіден, Ислам әйелдің дәрежесін көтеріп, құқықтарын қорғайды. Мұсылман қыз баласы сәби кезінде ана сүтін ему, бауырларының қамқорлығын көру, тәрбие алу құқығына ие. Тұрмысқа шықса, шариғатымыз еріне оның материалдық шығынын қамтамасыз етуді міндеттеді. Әйел сауда-саттық жасауға, білім алып, тәлім беру т.б. құқығына ие.
Ал қыз алып қашу – оның құқығын, ар-намысын аяқасты етіп, еркіндігін шектеу. Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) қоштасу қажылығында Арафа күні Мина жазығында тұрып: «Расында, сендердің қандарың, мал-мүліктерің және ар-намыстарың бір-біріңе осы қасиетті (Мекке) қаласы, осы қасиетті (қажылық) айы, осы қасиетті (Арафа) күніндей қастерлі (қол сұғуға тыйым салынды)», – деген.
Төртіншіден, ҚР Атазаңымыз және ҚР қылмыстық кодексі бойынша да мұндай әрекет қылмыс саналады. Адам ұрлағаны үшін заңмен жазаланып, бас бостандығынан айырылады.