Қосшыда «Жасыл ел» еңбек жасақтары қаланы көгалдандыруға қатысады

Автор: Azattyq Rýhy

 Сондай-ақ бүгін «Жасыл ел» жобасының салтанатты ашылуы өтті

Фото: Қосшы қаласының әкімдігі

Қосшы қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында елді мекендер төңірегінде орналасқан су қоймалардың, өзен-көлдердің жағасын қоқыстан тазартуға бағытталған «Мөлдір бұлақ» шарасы  өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Аталған шара аясында Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылының ортасындағы «Сарқырама» өзенінің сол жағалауы тазартылды.

Су көзін қоқыстан тазартуға Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов бастаған мемлекеттік қызметкерлер, мәслихат депутаттары, ұстаздар, жастар, коммуналдық мекеме өкілдері және белсенді қала тұрғындары қатысты.

«Бүгін Сарқырама өзенінің бойынан 16 куб қоқыс жиналып шығарылды. Сонымен қатар қала аумағындағы жеке сектор мен қоғамдық мекемелер маңы да жиналып, ол жақтан 25 куб қоқыс жиналды. Жалпы бүгіннің өзінде 41 куб қоқыс шығарылды. Жалпы «Мөлдір бұлақ» акциясы – өңірдің су ресурстарына қамқорлық деп білем. Мен осы шараға атсалысқан барлық жерлесіме алғыс білдіремін!», - дейді Ақмола облысының Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қосшы қаласы мәслихат депутаты Ирина Осипова.

Экологиялық тазалау жұмыстарына қатысқандар өзен жиегінде самаурынға қайнатылған шәй ішіп, ыстық бауырсақтан дәм татты.  Бұл тұрғындар мен жастар үшін тәрбиелік мәні зор шараға айналғанын көрсетті.

Сондай-ақ бүгін «Жасыл ел» жобасының салтанатты ашылуы өтті.

Жасыл ел жобасының мақсаты - еңбек жасақтарын танымал ету және Қосшы жастары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру болып табылады. Елімізде «Жасыл ел» бағдарламасы 2005 жылдан бастап табысты жүзеге асырылып келеді, ал Қосшы қаласында бұл жоба биыл екінші рет жүзеге асырылмақ. Мемлекет басшысының бастамасымен жанданған «Жасыл ел» еңбек жасақтары жастарды маусымдық жұмыспен қамтумен қатар, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда белсенді атсалысып келеді.  «Жасыл ел» еңбек жасақтары айналаны көгалдандыруға, қала, аудан, ауыл маңдарын, көшелерін тазартуға, спорттық кешендер мен өзен жағалауларын қалпына келтіруге, саябақтар мен құрылыс алаңдарын тазартуға өз үлестерін қосатын болады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 6 сәуірден бастап су тасқыны болмаған аймақтарда көгалдандыру және санитариялық тазалыққа бағытталған «Таза Қазақстан» акциясы жүзеге асты.

Акцияның басты мақсаты – қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру және нығайту мақсатында құрылған қоғамдық игілікке ұқыптылықпен қарау қағидаттарын қалыптастыру.

Акция 5 кезең бойынша, атап айтқанда «Таза өлке» (6-13 сәуір), «Киелі мекен» (14-20 сәуір), «Жасыл аймақ» (21-27 сәуір), «Өнегелі ұрпақ» (28 сәуір - 4 мамыр), «Мөлдір бұлақ» (5-11 мамыр) атты тақырыптық бағыттарда ұйымдастырылды. Аталған республикалық деңгейдегі экологиялық акцияға қосшылықтар да өзінің сүбелі үлестерін қосты. Әр қосшылық апта сайын ауласын, көшесін, қаланың көрнекі жерлерін қоқыстардан тазалап, тал, ағаш егіп қаланы көкалдандыруға қатысты.