Атом электр станциясын салып-салмау мәселесі референдумға шығарылады
Қазақстан аумағында атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдум осы жылдың соңында өтуі мүмкін. Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев ТАСС агенттігіне мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шетелдік БАҚ-тың журналисі елшіден референдумның өтетін мерзімі белгілі ме деп сұраған.
«Жоқ. Осы жылдың соңында өтуі мүмкін», - деп жауап берді Абаев.
Дәурен Абаев ресейлік «Росатом» корпорациясы саладағы көшбасшылардың бірі екенін атап өтті. Сол себепті, елшінің айтуынша, егер халық АЭС құрылысын қолдап, шешім шығарса, «Росатом» әлеуетті мердігерлердің шорт-листінен әрдайым табылады.
Былтыр қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында атом электр станциясы салынып-салынбайтынын халық референдум арқылы шешетінін мәлімдеді.