Астанадағы Оқушылар сарайында есірткіге қатысты шу шықты
Қаланың полиция басқармасы «қазір іздеу жүріп жатқанын» мәлімдеді
Оқушылар сарайындағы ер балаларға арналған әжетхананың есігіне белгісіз біреулер есірткі сататын сайттың QR кодын жабыстырып кеткен. Бұл ақпарат әлеуметтік желіге шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Астанадағы Оқушылар сарайының ерлер әжетханасынан мына QR кодты түсіріп алдым. Сканерлеп көріп едім, хабарландыру шықты... ақпаратына қарағанда «закладчиктердің қолтаңбасы» секілді. Синтетика ашық сатылымда ма?», - деді жазбаны жариялаған журналист.
Бірақ ол аз уақыттан кейін жазбасын өшіріп тастап, себебін түсіндірді.
Астана қаласының білім басқармасының хабарлауынша, әлеуметтік желідегі шағым жарияланғаннан кейін Оқушылар сарайының әкімшілігі жедел түрде 102-ге хабарласқан. Полиция қызметкерлері келіп, барлық әжетханаларды тексерген. Алайда, QR код табылмаған.
«Астана қаласы, Алматы ауданының полиция бөлімшесінде іс тіркелді. Оқушылар сарайында осындай келеңсіз жағдайлар ешқашан болған емес. Оқушылар сарайының әкімшілігі осындай жағдайлардың алдын алу үшін тиісті жұмыс атқарып жатқанын хабарлаймыз», - деді басқарамадан.
Астана қаласының полиция басқармасы қазір мәселе тексеріліп жатқанын мәлімдеді.
Еске салсақ, былтыр ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов есірткіні «телеграмм-боттар» немесе басқа да интернет-ресурстар арқылы сату кеңінен тарап жатқанын айтқан.
«Жаңа сайттарды ашу – тез. Ал оны анықтауға ұзақ уақыт кетеді. Ұйымдастырушыларды анықтау – одан да күрделі. Себебі олар шетелдерде орналасқан. Мұндай заңсыз «контентті» тоқтату үшін заманауи аппараттық-бағдарламалық жабдықтар қажет», деген болатын ведомство басшысы Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірленгенін хабарлап.
Астана қаласы білім басқармасы 2024 жылы 1 мамыр күні Оқушылар сарайында мерекеге байланысты халықаралық байқау өткенін атап өтті.
«Іс-шараға келген қатысушылар мен олардың ата -аналарына бірінші қабатта орналасқан барлық әжетханаларды қолдануға мүмкіндік берілген. Іс-шара кезінде әкімшілік қызметкерлері кезекшілік жұмысын атқарды. Сонымен қатар Оқушылар сарайы балаларға білім беру мекемесі болғандықтан 24 сағат күзет бақылауында. Әжетханаларды клининг қызметкерлері бір сағат сайын жинап тұрады. Олар ешқандай күмәнді, күдік туғызатын заттарды байқамаған», - деді хабарламада.
Осылайша, есірткі сататын сайтқа сілтеме жасайтын QR кодты жабыстырып кеткен адам ұшты-күйлі жоқ. Арада 3 күн өтсе де қаланың полициясы күдіктіні таба алмай отыр. Ал білім басқармасы Оқушылар сарайындағы камералардың бәрі жұмыс істейтініне сендірді.