ҚМДБ: Қажылыққа визасыз бару – күнә
Биыл 16 қазақстандық туроператор халықты қажылыққа апара алады
Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және ұмра министрлігі қажылық рәсімдері тек қажылық визасы арқылы ғана өтелетіндігі туралы 26 сәуір күні арнайы мәлімдеме жариялаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы қажылық және ұмра саласында қызмет көрсететін тәжірибелі туроператорлар арасында адал әрі әділ бәсекелестікке қол жеткізу және қажыларымызға қолайлы жағдай жасау мақсатында 2024 жылы қажылықпен айналысуға үміткер туристік операторлар арасында конкурс жариялаған.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ашық конкурстан өткен 16 қазақстандық туроператорға 2024 жылғы қажылық маусымында отандастарымызға тиісті қызмет көрсетуге ресми рұқсат берді.
Сонымен қатар «Қажылық-2024» маусымына 16 туроператор және осы туроператордың бірімен субагенттік келісімшарт құрған 19 турагент Сауд Арабия тарапынан болған талаптарды толығымен орындайды.
Биыл қажылық құлшылығына ниет еткен кісілер тек тізімде көрсетілген туроператорлар мен турагенттерден қажылық орындарын брондай алатынын және қажылыққа тіркеу жұмыстары әлі де жалғасып жатқандығын жеткіземіз.
ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің шешімі бойынша қажылыққа тек қажылық визасымен және заңды жолмен бару – міндет. Оны қолдан жасау – харам. Қажылық визасынсыз (туристік, студенттік, жұмыс т.б.) қажылық жасау – күнә болып екені жөнінде шығарған арнайы пәтуасы бар екендігін де еске салып өтеміз.Биыл Қазақстаннан ресми 5081 адам қажылыққа аттанады. Олар 5-10 маусым аралығында Саудияға барып, 23-28 маусым аралығында елге оралады деп жоспарлануда.Қорыта айтқанда, дініміздегі 5 парыздың бірі қажылық – жауапты әрі сауапты құлшылық. Сол себепті жоғарыда аталған талаптар мен ережелерді сақтауға және шариғат бекіткен адалдық жолын ұстануға шақырамыз», - делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.