Қазақ тілі қайтсе бизнестің тіліне айналады – қосшылық кәсіпкерлер не дейді
Қосшы қаласында 2024 жылдың 4 айында қаладағы 70 нысан жұмысына бақылау жүргізілген

Еліміздегі бизнес өкілдеріне «Кәсібіңді неге қазақша жүргізбейсің?» дегенде «Орысша мәтін ыңғайлы», «Қазақша мәтінге адамдардың көзі әлі үйренбеген», «Қазақша өте ұзақ болып кетеді» деген сынды пікірлерді бұрын жиі еститінбіз. Ал қазір керсінше қазақ тілі бизнестегі қарым-қатынастың негізгі құралына айналып келеді. «Тіл тірі организм десек» оның дамуына әрбір қазақстандық кәсіпкер өзінің үлесін қосуы тиіс, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қосшы қаласында тұратын ағаш шебері, кәсіпкер Нұржан Ділманов клиенттерге қызмет көрсеткен кезде мүмкіндігінше қазақша сөйлейтінін алға тартады. Нұржанға ең бірінші өзіне қазақша сөйлеген ыңғайлы.
«Мен өзім ұлттық аспаптың 52 түрін жасаймын. Қазақстанның түпкір-түпкірінен және шетелдерден ұлттық аспап жасатуға тапсырыстар түседі. Шеберханама келіп, аспаптардың шертісін және жасалу жолдарын сұрап жататын клиенттерім де көп болады. Кейбірі ағылшынша немесе тек орысша ғана сөйлейтіндер кездеседі. Қандай адам келсе де мен олармен қазақша сөйлесемін. Әрине клиент болғаннан кейін олардың ыңғайына жүгінесің. Бірақ маған қазақша сөйлеген және қазақша түсіндірген оңай. Сондықтан мен мүмкіндігінше қазақша сөйлеймін. Кейде олар мен сөйлеген тілге бейімделіп жатады», - дейді ағаш шебері Нұржан.
Тағы бір қосшылық кәсіпкер Азат қазір бизнестің тілі қазақылана түскенін және қазақша сауатты жазуға талаптардың жұмыс істей бастағанын айтады.
«Біздің дәмханадағы ас мәзірі қазақша және орысша жазылған. Ас мәзірінің қазақша сауатты жазылуына да ерекше көңіл аударамыз. Келген қонақтарға екі тілде қызмет көрсетіледі. Бизнесті тек орыс тілінде ғана жүргізу ыңғайлы деген түсінік бірте-бірте қалып келеді. Қазақ тілінде сөйлейтін адамдар көбеюде. Қонақ қай тілде сөйлесе біз оған сол тілде жауап беруге тырысамыз. Қосшы қаласында көпшілігінде қазақтар. Соған сәйкес қызмет тілі де қазақша болып жатады. Сонымен қатар біз цехқа әсіресе қонақтармен тікелей жұмыс жасайтын қызметкер алғанда қазақша білетін адамды алуға тырысамыз. Себебі біздің ең негізгі мақсатымыз қонақтарымызға ыңғайлы болатындай жағдай жасау», - дейді Aq anyz кондитерлік цехінің басшысы Азат Хамзин.
Aq anyz кондитерлік цехінің басшысы интернетке жарнаманы қазақ, орыс тілдерінде беретінін айтты. Сонымен қатар ол алдағы уақытта цехтің Instagram-да орысша жазылған хабарламаларын қазақшаға өзгертетінін жеткізді.
Кәсіпкерлер үшін жарнаманың маңызы ерекше. Ал жарнаманың сауатты әрі қатесіз жазылуы аса маңызды. Қазір қатемен жазылатын жарнамалармен күрес жан-жақты жүргізіліп жатса да, бұл әлі толығымен жойылған жоқ.
Қосшылық белсенді азамат әрі кәсіпкер Мақпал Ахметова қатемен жазылатын жарнамамен қалай күресетінін бізге айтып берді.
«Лесная поляна шағын ауданында кең тарапты полиграфиялық қызметтер ұсынатын орталықты ашып, кәсібімізді дөңгелетіп келеміз. Бізге, көбінесе, Астанадан, Қосшыдан, Тайтөбе мен одан шалғайда орналасқан ауылдардан келіп, өздерінің жарнамалық баннерлері мен үнпарақтарын шығарып алып жатады. Арасында тілдік нормаларға сай келмейтін мәтіндермен, қатемен жазылған жарнамалармен бетпе-бет келіп жатамыз. Сондай кездерде қате жазылып келген мәтінді міндетті түрде түзетемін. Қатемен немесе калька аудармамен жасалған жарнамаларды басып бере салмаймыз. Жарнама қатесін клиентке айта отырып түзетемін. Себебі, бұл – менің азаматтық принципім. Ана тілімізге деген құрмет әр адамның өзінен бастау алуы керек деп білемін.
Бірде құрылысы әлі аяқталмаған зәулім үйлердің қоршауларына ұзыннан-ұзақ ілінетін баннерлер сериясының ішінде С.Сейфуллиннің есімінде бір «л» әрпі түсіп қалған екен. Дереу түзету енгізіп, тапсырыс берушіге қайта мақұлдауға жібердік. Олар біздің тарапымыздан орындалған жұмысқа ризашылығын білдіріп, түзетілген электронды нұсқаны сұратып, олқылықтың орнын жоятындықтарын айтты. Алда басылатын осы баннерлер сериясына пайдаланатынын жеткізді. Біз де осындай жанашыр азаматтармен бірлесе еңбек еткенімізге қуандық. Сосын қаладағы көше атауларын тек қазақша жазуға нұсқау беріп отырамыз. Сіз білсеңіз, біздің қаладағы көше атауларының дені тек қазақша жазылған», - дейді М. Ахметова.
Бұдан бөлек «Қосшы нан» наубайханасы өнімі өтімді, жарнамасы сауатты кәсіптің бірі. 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан наубайханада 15-16 түрлі өнімнің түрлері бар. Барлық өнімнің сыртындағы ақпараттар тұтынушыларға түсінікті алдымен мемлекеттік тілде жазылған.
Жалпы сауатсыз әрі қате жазылған жарнама баннерлерін болдырмау бағытында Қосшы қаласы әкімдігі де үнемі шаралар қабылдап, кәсіпкерлермен бірлесіп, қоян-қолтық жұмыс істеп келеді.
Қосшы қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің мәліметінше, 2024 жылдың 4 айында қаладағы 70 нысан жұмысына бақылау жүргізілген. Нысандардың ішінде қалалық емхана, сауда үйлері, шағын кәсіпкерлік нысандар, дәмханалар бар. Осы жұмыстардың нәтижесінде сыртқы ақпараттары қате жазылған 12 нысан анықталған.
«Көрнекі ақпарат пен сауатты жазылған жарнаманы жолға қою мақсатында «ҚР тіл туралы», «Жарнама туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңдардың талаптары бойынша кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізіледі. Сонымен қатар заң талаптары көрсетілген парақшалар таратып, дәмханалардағы мәзірлердің, көрнекі ақпарат мәтіндерін мемлекеттік тілде дұрыс жазылуына әдістемелік көмек көрсетеміз», - дейді аталған бөлімнің бас маманы Шолпан Санақбайқызы.
БАҚ және әлеуметтік желілерде қазақша ас мәзіріне, қазақша ақпаратқа қатысты түрлі пікірлер шығып тұрады. Калька немесе қатемен жазылған жарнама ақпараттарды белсенді азаматтар суретке түсіріп, желіге салады. Бұл бір жағынан жақсы үрдіс деп білеміз... Себебі мұны көрген басқа кәсіпкерлер қазақ тіліндегі жарнамаларына аса жауапкершілікпен қарайтын болады.