«Жыл сайын 16,7 млрд доллар әкетіліп жатыр»: депутат дабыл қақты
Капиталдың заңсыз шығарылуы ел қазынасы мен экономикаға теріс әсер етіп жатыр
Халықаралық ұйымның дерегіне сүйенсек, Қазақстаннан жыл сайын 16,7 млрд доллар заңсыз шығарылады. Бұл туралы сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Депутат елден қомақты сома заңсыз шығарылғанын атап өтті.
«Халықаралық Global Financial Integrity зерттеу ұйымының жыл сайынғы есебін қарасақ, Қазақстаннан жыл сайын орта есеппен 16,7 млрд доллар заңсыз әкетіледі екен. Біздің еліміз 148 дамушы мемлекеттің рейтингінде 11-ші орында тұр», - дейді Мәкежанов сенатта өткен дөңгелек үстелде.
Айтуынша, капиталды елден заңсыз шығарудың салдары мен зияны өте көп. Біріншіден, капиталдың көлеңкелі айналымына салық салынбайды. Соның салдарынан мемлекеттік бюджет толық көлемде толықтырылмай отыр.
«Капиталдың көлеңкелі айналымын анықтау және болдырмау мемлекеттік қазынаның кірісін едәуір арттыра алатын еді», деп санайды сенатор.
Екіншіден, Мәкежановтың айтуынша, бүгінгі күні қабылданған заңдардың нәтижесінде заңдастырылған капиталды жасырудың қажеті жоқ.
«Себебі заңды капиталды отандық экономиканы өсіруге ынталандырып, ел ішінде заңды түрде инвестициялауға болады. Бұл мемлекеттік қазынаға да, халықтың әл-ауқатына да оң әсер ететін еді», деді депутат.