Жамбыл облысында Халық жазушысы Шерхан Мұртаза музейінің айналасында сенбілік өтті
Жазушы облыстағы Жуалы ауданы Талапты ауылында дүниеге келген
Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Талапты ауылында қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза тұрған үйдің айналасы тазаланды. Айта кетейік, қазір бұл үй Шерхан Мұртаза атындағы мемориалдық үйге айналған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Шерхан Мұртаза көрнекті тұлға болып қалыптасқан кезінде де өзінің туған топырағынан қол үзген жоқ. Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде Жуалы ауданына қарасты Талапты ауылынан жазушыға арналып үй салынған болатын. Екі қабатты бұл ғимарат қазір музейге айналған.
«Таза Қазақстан» акциясының аясында Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық музей-үйінің аумағына тазалық жасалды. Музейдің аумағындағы қураған ағаштар кесілді. Сонымен қатар, жаға көшеттер егілді», - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Шараға қатысқан жазушының туысы Әлижан Мұртаза бұл музей қазақ руханиятының құтты ордасына айналды деген пікірін айтты.
«Шерағаның шаңырағы – қазақ руханиятының құтты ордасы. Соны түсініп, бағалай білетін жастарға, аудан ақсақалдары мен басшылығына алғысым шексіз. Шерағаның шаңырағын ешқашан назардан тыс қалдырған емес»,- деді жазушының немере інісі Әлижан Мұртаза.
Айта кетейік, Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық музей-үйінің аумағында өткен сенбілікке зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, аналар алқаларының мүшелері, жастар мен белсенділер қатысқан.
Жалпы, Жуалы ауданында тазалық акциясына 5000-нан аса адам қатысып, «Жасыл аймақ» апталығында 3000-ға жуық ағаш егілгені хабарланып отыр.