Шымкентте қайтыс болған үш сәбидің өліміне үйдегі дезинсекция себеп болған

Автор: Azattyq Rýhy

Үйді дәрілеген жұмысшыны полиция қамауға алды

Фото ашық дереккөзден

Шымкентте былтыр 3 қарашада бір үйдің 4 және 1 жасар балалары белгісіз заттан уланып қайтыс болған еді. Мамандар оларды тұшпарадан уланған деп болжаған. Алайда, арада бірнеше ай өткеннен кейін өлімнің нақты себебі анықталды деп жазады Polisia.kz.

Дәл осындай қайғылы жағдай Шымкентте биыл 13 ақпан күні де болған. Бұл кезде 8 айлық сәби белгісіз заттан уланып шетінеді. Екі жайт бойынша да полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы бойынша тергеу жұмыстарын жүргізді.

Ұзақ уақыт жүргізілген сот-медициналық сараптама нәтижесінде балалардың тағамнан емес, зиянкестердің көзін жоюға арналған удан қайтыс болғаны анықталды. Ал, күдікті ретінде 42 жастағы ер адам ұсталды. Ол екі үйге де дезинсекциялық жұмыс жүргізген екен. Алайда, дәрі ретінде адамға зияны жоқ препарат емес, ауыл шаруашылығында қолданылатын «Имидаклоприд» дәрісін пайдаланыпты.

Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.