Павлодар облысында КВИ жұқтырған соңғы төрт адамның екеуі – кәмелет жасқа толмағандар
Бүгінге дейін Павлодар облысында коронавирус жұқтырған 30 адам тіркелді

20 сәуір сағат 09:25-тегі жағдай бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырған тағы 24 адам тіркелді. Оның төртеуі - Павлодар облысының тұрғындары. Бүгін Павлодар қаласының 2 тұрғынының коронавирус жұқтырғаны анықталды, бірі 50 жастағы әйел адам және кәмелет жасына толмаған 2009 жылғы қыз бала. Ал қалған екеуі Екібастұз қаласының тұрғындары, олар 48 жастағы әйел және кәмелет жасына толмаған 2010 жылғы ұл бала.
«3 науқас өздеріне дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдармен байланыста болған. 1972 жылғы әйел адам пневмония диагнозымен провизорлық бөлімшеге жатқызылған, 20 сәуірде науқастың ағзасында COVID-19 барын анықтаған. Олардың барлығының байланыста болған ортасы анықталып, оларды оқшаулау жұмыстары жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.
Бүгінге дейін Павлодар облысында коронавирус жұқтырған 30 адам тіркелді. Өкінішке қарай, қауіпті індеттен бұл өңірде бір адам көз жұмды.