«Sim-карта, роутер, телефон»: Павлодарда колонияға келген цемент қаптарының ішінен тыйым салынған заттар табылды
Күзетшілер заттарды металл іздеу құрылының көмегімен анықтаған
Павлодар түрмесіне құрылыс материалдарын әкелген ГАЗельдің ішіндегі цемент салынған қаптардан тыйым салынған заттар табылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Павлодар-онлайн сайтына сілтеме жасап.
«Құрылыс материалдарының арасында жатқан цемент қаптары күдік тудырды. Тінту және тексеру жұмыстары шамамен екі сағат уақытты алды. Өйткені, тыйым салынған заттар әр қаптың түбінде жатты», - деді 6679 әскери бөлімінің қарауыл бастығы аға сержант Қайрат Сиражев.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлағандай, тінту нәтижесінде 26 SIM-карта, 3 ұялы телефон, 13 сымсыз құлаққап және төрт сымды құлаққап, 13 қуаттау құралы, 24 USB-сым, стационарлық WI-FI роутері және үш қалта роутері табылды.