Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен 2 мыңға жуық адам өтемақы алды
Төлем сомасы - 638 млн 862 мың теңге
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында су тасқынына қарсы шаралар атқарылып жатыр. Өңірде 81 үйді су басқан еді. Қазір жағалауды судан қорғау үшін бекіністер тұрғызылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Белшер кентіде 90 қап төселіп, 30 тонна инертті материал әкелінді. Құйлыс ауылында 150-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. 9 техника тартылған, 310 қап төселіп, 110 тонна инертті материал әкелінді.
Жайсаңбай ауылы бойынша 125 адам, 6 техника тартылған. 290 дана қап төселіп, 110 тонна инертті материал жеткізілді», – деді Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз хатшысы Гүлбағда Көбеева.
Ауданға гуманитарлық көмек ретінде азық-түлік, дәрі-дәрмек, төсек-орын, барлық қажетті зат апарылды. Облыс бойынша су тасқынынан зардап шеккен 1966 азамат бір реттік әлеуметтік төлем алды. Төлем сомасы 638 млн 862 мың теңге болды. Сонымен қатар, бүлінген мүлік, жасалатын жөндеу жұмыстарына да ақша берілуде.
Тақырыпқа орай: Халыққа тоңазытқыш, үстел, орындық, ыдыс-аяқ сияқты керек-жарақ сатып алу үшін тағы 553 мың теңгеден беріледі – Бектенов