Ақтөбе облысының Ойыл ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге 103 млн теңге төленді

Azattyq Rýhy

Бұл сомаға материалдық шығын мен бірреттік әлеуметтік төлем көлемі қосылған

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге 103 млн теңге төленді
Фото: Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметі

Ойыл ауданының Саралжын ауылдық округінің құрамындағы 174 тұрғыны бар Шиқұдық ауылында табиғи апат кезінде елді мекендегі жолды су бұзған. Жергілікті белсенді азаматтар облыс әкімінен жол мен көпірді қалыпқа келтіріп беруді сұрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жақын күндері елді мекенге жол саласының мамандары келіп, мәселені шешу жолдарын қарастырады.

"Шиқұдық орта мектебіне барған өңір басшысы оқушылармен тілдесті. 9 жылдық білім ордасында 48 бала оқиды, 18 мұғалім дәріс береді. Саманнан салынған мектеп 2000 жылы бой көтерген. Қазір мұнда жаңа мектеп салу қажеттілігі бар. Өңір басшысы аудан әкіміне бұл мәселені білім басқармасымен келісіп, жоспарға енгізуді тапсырды", - делінген хабарламада.

Табиғи апаттан Саралжын ауылдық округі аумағындағы көпір де іске аспай қалды. Қазір халық айналма жолмен қатынап жүр. 2008 жыл салынған көпірдің жалпы ұзындығы – 100 метр. Нысанның тіреуіш бағаналары ауыстырылады. Облыс әкімі құрылыста асықпауды, сапалы материалдар пайдалануды Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына міндеттеді.

Ойыл ауылына кіреберіс көпір де жөндеуді қажет етеді. Мұнда су ағысы қатты болып, көпірдің тірегі істен шыққан еді. Қазір уақытша жол салатын мердігер анықталды. Сонымен қатар техникалық тексеру қорытындысы шыққан соң, құрылыс басталады. «ТенгизСтройСервисГрупп» мекемесі тірек бағаналарының жағдайын тексеріп, жер қыртысын зерттеуде.

"Көктемгі су тасқынында Қаратал ауылында 236 үйді су басты. Материалдық шығынды есептейтін комиссия шешімімен, 19 үй қайта жөнделеді. 178 үйдің іргетасы жаңадан қаланады. 34 қараталдық отбасы аудан орталығына көшу туралы шешім қабылдаған", - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта Ойыл ауданы бойынша 100 айлық есептік көрсеткішті құрайтын әлеуметтік төлем 270 отбасыға берілді. Ал бүлінген мүлікке берілген сома 54 млн теңгеге жуықтайды, оны 17 отбасы алған.

Алдын ала есеп бойынша, барлық инфрақұрылымы тартылған бұл жерге Екпетал, Жаңабаз және Қаратал ауылының тұрғындары үшін 100-ден аса үй салынады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.