Қостанай фабрикасы жылына 100 мыңнан астам киім-кешек тігеді
Фабриканың өндірістік қуаты жыл сайын артып келеді

Ал қазіргі уақытта «Большевичка» фабрикасы негізгі өндірістен бөлек, қорғаныс бетперделерін тігумен айналысады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлайды.
«Елімізде төтенше жағдай режимі енгізілген сәттен бастап фабрикада 200 мыңнан астам бетперде шығарылды. Ол жергілікті дәріханалар мен ауруханаларға, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдеріне жіберілді. Сонымен қатар, зауыт қызметкерлері жергілікті тұрғындарға 10 мыңнан астам бетперде таратты», - делінген хабарламада.
Қостанай өңіріндегі «Большевичка» фабрикасы Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті сияқты мемлекеттік органдарға, «Самұрық Қазына» АҚ еншілес компаниялары, коммерциялық ұйымдар мен өңір тұрғындары үшін киім тігуге мамандандырылған.
«Қазір «Большевичка» жылына 100 мыңнан астам өнім шығарады, ал компанияның айналымы 2018 жылмен салыстырғанда 3 еседен астам өсті», - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, кәсіпорында кеудешелер, күртешелер, белсенді демалуға арналған киім, балық аулау, аң аулау және маусымдық күртешелер шығарылады. Тауардың сапалы әрі бағасының қолжетімді болуы маңызды. Бүгінгі таңда көп адам отандық өндірушіні таңдайтынын ескерсек, «Қостанайда жасалған» бренді қайта таныла бастағанын айтуға болады.