Қызылорда облысында оқушыларға мерзімі өткен өнімдер беріліп келген
Тексеріс нәтижесінде асханалардан ішек таяқшасының қоздырғышы табылды
Қызылорда облысында оқушыларға жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімдер беріліп келген. Мектептерде тыйым салынған тағамдар да пайдаланылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.
Оқу ордасының ас мәзірі де талапқа сай болмай шыққан. Білім беру нысандарының асханаларын аралап көрген қалалық мәслихат депутаттары оқу ордаларында ыстық тамақпен қамтудың сапасы сын көтермей тұрғанын айтты.
«Асхана блогында аспазшыларға арналған қол кептіргіш орнатылуы тиіс. Барлық мектептерде орнатылмаған. Сынған ыдыстарды пайдаланбау талаптары Қызылорда қаласы № 212 мектептерде сақталмаған. Қызылорда қаласы №179 мектептің кәсіпкері сертификатта көрсетілген жарамдық мерзімі өтіп кеткен өнімдерді және тыйым салынған тұшпара, шұжық, қатпарлы қамыр өнімдерін пайдалануда», - дейді облыстың бала құқықтары жөніндегі уәкілі Жапырақ Ұзақбаева.
Жалпы Қызылорда қаласында 34 мыңнан астам оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілсе, оның 13 мыңға жуығы - әлеуметтік аз қамтылған санаттағылар. Бюджеттік өтінімге сәйкес, бастауыш сыныптарға бір күнге 560 теңге, ал жоғары сыныптарға 582 теңге бекітілген. Қалалық прокуратураның қаулысымен 45 мектептің асханасы тексеріліп, 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Тиісті талаптарды орындамаған 4 кәсіп иесінің ісі сотта қаралуда. Микробиологиялық зерттеу нәтижелері бойынша бірнеше мектепте шайындылардан ішек таяқша қоздырғыштары анықталған.
«Тамақ өнімдерін тікелей еденге жинауға, сақтауға жол берілген. Тәулік сынамалары дұрыс сақталмаған. 267,197,179 145 Абай мектебі 278,11,176,15, 12-ші мектеп және 7, 9-шы мектеп асханаларынан алынған шайындылардан ішек таяқшалары тобының бактериялары анықталды. Бұл ыдыс-аяқтардың дұрыс талапқа сай жуылмайтындығын, тазалық жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмегеннің дәлелі», - деді Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлмира Сыздықова.