$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.04.2020, 00:39
Қоғам

Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы ақшалары азайып қалғанын жазып жатыр

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының баспасөз қызметі пікір білдірді

Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы ақшалары азайып қалғанын жазып жатыр
Фото: ашық дереккөзден

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар зейнетақы қорындағы ақшалары азайып қалғанын жазып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Мұндай шағым білдіргендер қатарында танымал қаржы кеңесшісі Дәулет Мұқаев та бар. 

«Мына билік 42 500 теңгеге ақшаны осы зейнетақы қорынан алып жатқаннан сау ма? Менде осы кезге дейін 10 күн бұрын 1 млн 216 мың 418 теңге жиналып тұр еді. Қазір қарасам 1 млн 201 мың 519 теңге. Сонда 14 899 теңгем қайда кетті? Неге ақша менің зейнетақы қорымнан рұқсатсыз алынуы керек? Басшылар, не дейсіздер?», - деп жазды танымал блогер әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Басқа да қолданушылар аз уақыттың ішінде зейнетақы қорындағы қаражаттарының азайып қалғанын жазып, дәлелдер келтіріп жатыр. 

Осыған орай ҚазТАГ ақпарат агенттігі БЖЗҚ баспасөз қызметінің пікірін білген екен.

«Егер адамдар осындай аз уақытта өзгерістердің болғанын көрсе, бұл инвестициялық табысқа байланысты болғаны. Зейнетақы активтерін Ұлттық банк инвестициялайды, ол үшін күнделікті инвестициялық табыс төленеді. Бұл табыс көлемі зейнетақы активтері салынған қаржы құралдарына байланысты болады. Қазір тұрақсыз кезең екені түсінікті, әсіресе ұлттық валюта курсы да жиі өзгеріп жатыр. Инвестициялық табыстың мұндай өзгерістері болуы мүмкін», - деді  агенттік тілшілеріне БЖЗҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Марина Акмаева.

Ол салымшыларға ұзақмерзімді табысқа қарауға кеңес берді. 

«Зейнетақы қаржысы бір-екі күн, тіпті бірнеше айға емес, ұзақ уақытқа инвестицияланады. Қазір салымшы көріп отырған инвестициялық табыстың өзгерістері қаржы нарығына, валюта бағамына тәуелді әрі оның ұзақмерзімдегі табысы үнемі оң сипатта болады», - дейді ол.

Серіктес жаңалықтары