$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.04.2024, 14:30
Қоғам

675 мың теңге: су тасқыны әуе компаниялары үшін пайда көзіне айналды ма

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин үкіметтен баға бассыздығын реттеуді талап етті

675 мың теңге: су тасқыны әуе компаниялары үшін пайда көзіне айналды ма
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Бүгін Парламент мәжілісінің жалпы отырысында Еділ Жаңбыршин үкіметтен су тасқыны кезінде таралуы мүмкін әртүрлі аурулардың алдын алып, теміржол билеттерінің бағасы мен азық-түлік бағасын назарға алуды талап етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Қазақта «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деген сөз бар. Қазір еліміздегі бірқатар жолаушы тасымалдаушы компаниялардың іс-әрекеті осыны байқатады. Өңірлеріміздің басым бөлігін су басып, тұрғындар тілсіз апатпен күресіп, әбігерге түсіп жатса, кейбір әуе және темір жол компаниялары билет бағаларын шарықтатып жіберді. Ойлары – осындай күрделі сәтті пайдаланып, пайда тауып қалу. Мұны «жығылған үстіне жұдырық» демегенде, басқаша не деуге болады?!» - дейді депутат.

Баспасөз беттерінде жарияланған деректерге қарағанда, Атыраудан Ақтауға ұшақпен жеткісі келген жолаушылар, бір билет үшін 170 780 теңге төлеуге мәжбүр болған. Ал Атыраудан Алматыға билет бағасы 675 мың теңгеге дейін қымбаттаған.  

Алматы, Астана қалаларынан осы өңірлерге қатынайтын әуе рейстерінің де бағасы шарықтап кеткен. Бағаның қымбаттығы,  әуе, темір жол көліктерінің аздығы тұрғындардың тасқын су басқан облыстардан басқа өңірлерге кетуіне кедергі болғаны сөзсіз. Сондықтан, бұл мәселеге президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласып, әуе және темір жол билеттері бағасының өсуіне жол бермеу жөнінде қатаң ескертті.

Осыған орай «Қазақстан темір жолы» компаниясы өздеріне қарасты «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздардың билеті қымбаттамайтынын хабарлады.

Qazaq Air әуе компаниясы еліміздің бірқатар өңірлеріндегі су тасқынына байланысты тұрақсыз жағдайды ескере отырып, әуе билеттерінің жоғарғы құнын бір бағытқа 40 000 теңгеге дейін арзандатты. Компания бұл уақытша тарифпен Қазақстан Республикасындағы су тасқынынан зардап шеккен барлық өңірлердің бағыттарында 24 сәуірге дейін әрекет ететінін мәлімдеді.

«Ал еліміздегі ең ірі әуе компаниясы – Air Astana болса 9-18 сәуір аралығында Атыраудан Алматы, Астана, Ақтау және Шымкент қалаларына 33 қосымша рейс ұйымдастырылғанын мәлімдеумен ғана шектелді. Әріптестерім әуе қатынасы бойынша ішкі рейстердің қымбаттағанын бірнеше рет айтты.  Бірақ түбегейлі өзгерісті көріп отырған жоқпыз. Соңғы жағдайларға байланысты бағаның одан әрі шарықтауы шектен шығу деп білеміз. Ұшатын күн жақындағанда билет бағасын әдейі көтеріп жіберу – барып тұрған қиянат! Күні кеше мәжіліс депутаты Самат Мұсабаевтың көлік министріне әлеуметтік желі арқылы жолдаған талабы мүлдем жауапсыз қалды! Неге жауап жоқ? Әлде министрдің әуе компанияларына билігі жүрмей ме?» - деп сауал жолдады Еділ Жаңбыршин.

Елдегі көлік саласы тек қауіпсіз және сапалы болып қоймай, көпшілікке қолжетімді болуы керек. Осыны көлік компанияларынан талап ету қажет, ал тыңдамаған жағдайда мемлекет тарапынан қатаң шара алынсын дейді депутат.

Сонымен қатар, оның айтуынша, транспорт билеттерінің құны ғана емес, зат бағасы да қырық құбылып тұр.

«Күріштің арқасында күрмек су ішеді» демекші, халық тасқынға қарсы жұдырықтай жұмылып жатқанда кейбір алып-сатарлар қара басының қамын күйіттеп отыр. Құны 50 теңге тұратын қаптың бағасын 200-300 теңгеге дейін өсіріп, асыра пайда тауып жатқандар да аз емес. Осындай күрделі кезеңде баға тұрақтылығын, әсіресе, тасқынға қарсы қолданылатын құрал-саймандардың және құрылыс материалдарының бағасын өсірмеу - мемлекеттің басты міндеті,» - деді ол.

Тағы бір аса маңызды мәселені көтерген ол топан судың салдары өңірлерде күрделі санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық жағдайға алып келуі мүмкін екенін айтады.

«Мұны сарапшылар да, тұрғындар да айтып, дабыл қағып отыр. Су тасқыны елді-мекендердегі үйлермен қоса ауыл айналасындағы зияраттарды, қатты-тұрмыстық қалдықтар мен мал өлекселері көмілген орындарды, даладағы дәретханаларды, жанар-жағармай станцияларын шайып өтті. Тасқынның қаттылығы сонша зиратта жерленген адам сүйегін сыртқа шығарып жіберген фактілер анықталды,» - деді депутат.

Сондықтан, депутат еліміздегі әуе, темір жол, автомобиль көліктері тасымалдаушыларының бағаларын тұрақты бақылауға алып, оның негізсіз көтерілуіне жол бермеуін Үкіметтен талап етті.

Серіктес жаңалықтары