Қазақстанға келген мигранттар көбіне қандай қылмысқа барады? Ресми статистика

Автор: Сымбат Ғалымжан

Соңғы бес жылда елімізде 5 247 шетелдік қылмыс жасап, ұсталған

Фото: istockphoto.com

Соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда 5 247 шетелдік қылмыс жасаған. Оның көбі тонау, ұрлық сияқты қылмыс түрлеріне жатады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Атап айтқанда, 2019 жылы – 1623, 2020 жылы – 1090, 2021 жылы – 725, 2022 жылы – 794 және 2023 жылы – 1015 қылмыс тіркелді. Бұл республика бойынша жасалатын қылмыстардың 1% тең. 

Редакциямыздың ресми сауалына жауап берген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Аслан Аталықовтың айтуынша, 2023 жылы ішкі істер органдары еліміздің аумағында 484 198 мигрантқа уақытша тұруға рұқсат берген. Оның ішінде Өзбекстаннан 367 мың, Ресейден 75 мың, Тәжікстаннан 16 мың, Қырғызстаннан 14 мың, Әзірбайжаннан 4 мың адам уақытша қоныс аударған.

Ішкі істер органдары шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасында жүру тәртібін, көші-қонын бақылайды. Соның ішінде, Ішкі істер органдарының қызметкерлері:

  •  шетелдіктердің тұрақты тұратын немесе уақытша болатын жері бойынша;
  •  шетелдіктердің жұмыс немесе оқу орны бойынша;
  •  әуе, теміржол және көліктің басқа да түрлерінде;
  •  көшелерде және қоғамдық орындарда бақылау жүргізе алады.

Ішкі істер органдары мына әдіс-тәсілдер арқылы бақылау жүргізе алады:

  • азаматтардың тұрғын үй-жайларын аралау;
  • жатақханалар мен қонақүйлерді және шетелдіктердің ықтимал
  • тұратын басқа да орындарын тексеру;
  • пойыздарды сүйемелдеу;
  • автокөлік құралдарын тексеру;
  • жедел-профилактикалық және арнайы іс-шаралар өткізу;
  • қолданыстағы заңнамада көзделген басқа да нысандар мен әдістерді пайдалана отырып тексереді.

«Ішкі істер органдары шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін жауапкершілік мәселесі бойынша ірі таксопарк операторларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Заңсыз жүргізушілерді анықтау мақсатында полиция тұрақты негізде жедел – профилактикалық іс-шараларын жүргізеді. Заң бұзушылар анықталған жағдайда олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады», - дейді Аслан Аталықов.

Өткен жылы көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 73 413 шетелдік жауапқа тартылып, оның ішінде 7 739 адам елден шығарылған.