Заңда балаларды отбасынан ажырату туралы бірде-бір норма жоқ – Аида Балаева

Azattyq Rýhy

Министр жаңа заңдағы нормаларды түсіндірді

Заңда балаларды отбасынан ажырату туралы бірде-бір норма жоқ – Аида Балаева
Фото: facebook.com/Aida Balayeva

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қабылданған Заңдарына қатысты бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева заңның маңызды тұстарына тоқталып, ондағы белгіленген нормалармен таныстырды.

Үндеу барысында министр құжатта: «Отбасы негіздерін күшейту мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған жаңа нормалар бар. Мәселен, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау, ерлі-зайыптылардың өзара және балаларды ұлттық отбасылық рухта тәрбиелеудің ортақ отбасы некелік заңнамалық қағидаттарын енгізу ұсынылды. Осы орайда республикадағы отбасын қолдау орталықтары туралы арнайы норма қарастырылды. Өйткені осы уақытқа дейін олар әртүрлі жағдайда жұмыс істеп келді. Ендігі жерде бұл орталықтар мемлекеттік отбасы саясатын, соның ішінде некені сақтап қалу, қиын жағдайға душар болған отбасы мүшелерін қолдау,зорлық-зомбылық көрген жандарды қамқорлыққа алу сияқты нақты міндеттерді атқарады. Өз кезегінде осы бағыттағы жұмысты үйлестіру үшін жергілікті атқарушы және сайланбалы органдарға бірқатар өкілеттіктер беріледі», - деп түсіндірді министр.

Сонымен қатар, министр құжатта  балаларды отбасынан ажырату туралы бірде-бір норма жоқ екенін атап өтті.

«Ендеше, әлеуметтік желідегі осыған қатысты әртүрлі алыпқашпа ақпараттың барлығы жалған екендігін жеткіземін. Мемлекеттің бұл бағыттағы саясаты — отбасын сақтап қалу, баланың отбасында өсуін қамтамассыз ету, ата-ананың бала тәрбиесіндегі маңызды рөлін көздейді. Мемлекет отбасы ісіне тек баланың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда ғана араласып, бала құқығын қорғайды. Ана мен бала, олардың адами құқығы баршамыз үшін ең маңызды басымдық болуы шарт», - деді Аида Балаева.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.