Қоғамның кез келген мүшесі оларды қорғайтын заң бар екенін сезінеді – Жұлдыз Сүлейменова
Ол заң жәбірленушілерге нақты қолдау көрсететінін айтты
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін күшейтуге қатысты Президент қол қойған заңға қатысты пікір білдірді,деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін сақтауға арналған» Заңдарға қол қойды. Бұл Заңдар әр адам үшін қауіпсіз және қолайлы қоғам құру жолындағы маңызды әрі жүйелі шешім болды. Себебі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жиі құрбаны болатын әйелдер мен балаларды қорғауды күшейтуге арналған. Бүгін «Заң және Тәртіп» қағидаты орныққан қоғам құру жолында маңызды дата. Қоғамдағы ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі саналатын тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу және болдырмау жолында заңгерлер, құқық қорғаушылар, сарапшылардың ұсыныстары қабылданған табандылықтың жемісі»,- дейді Сүлейменова.
Депутат заң қылмыскерлерді жазалауға көмектесіп қана қоймай, жәбірленушілерге нақты қолдау көрсететінін жеткізді.
«Бұл әркім өзін қорғалған және қолдауды сезіне алатын қауіпсіз қоғам құру жолындағы жүйелі шешімдердің бірі. Құқық бұзушылықтардың кез-келген түріне жаза қатаңдайды және зардап шеккендерге қолдау жүйесі жақсарады. Зорлық-зомбылық оқиғаларында тиімді әрекет ету үшін құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қызметтер арасындағы ынтымақтастық механизмдері жүзеге асырылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте қоғамның мүлдем төзбеушілік бірлескен мәдениеті орнығады. Ендігі жолы әлімжеттікке ұшыраған, тұрмыстық зорлық-зомбылықты бастан өткерген кез келген қоғам мүшесі жалғыз емес екендігін, оларды қорғайтын Заң бар екендігін сезінеді. Мемлекет басшысына ризашылығымды білдіремін»,- деді Жұлдыз Сүлейменова.