$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.04.2020, 13:53
Қоғам

Алматыда шекара қызметінің 54 курсанты коронавирус жұқтырған

Алматыда коронавирус жұқтырғандардың саны 461-ге жетті

Алматыда шекара қызметінің 54 курсанты коронавирус жұқтырған
Фото: ашық дереккөзден

Әу баста КВИ жұқтырған Алматы қаласындағы ҰҚК Шекара қызметі курсанттарының саны 14 болған. Бірақ жаппай тексеру нәтижесінде олардың қатары 4 есеге дейін көбейген. Қазір олардың барлығы инфекциялық стационарға жатқызылып, ем алып жатыр.

Ал, қызмет бабында жүріп, коронавирус жұқтырып алған дәрігерлердің әрқайсына берілетін 2 млн теңге көлеміндегі сақтандыру төлемі эпидемиологиялық тексерістен соң төленеді.

Алматыда СOVID-19 вирусын жұқтырған медицина қызметкерлерінің саны 234-ке жетті.

«СOVID--19 инфекциясы анықталған науқастармен тікелей жұмыс істеу барысында жұқтырған медицина қызметкерлеріне 2 миллион теңге көлемінде өтемақы төленеді. Төлем Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы комиссия эпидемиологиялық тексеру жүргізгеннен кейін беріледі. Олардың қорғаныш құралдарын қалай жиі ауыстырғаны да есепке алынады», - деді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

17 сәуірде Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың саны 461-ге жетті. Соңғы бір тәулік ішінде вирус жұқтырған 63 адам тіркелді. Олардың ішінде 2004 жылы туған жасөспірім де бар. Бір науқастың жағдайы өте ауыр.

«Бүгінде мегаполистегі жұқпалы аурулар стационарларында Алматы облысы тұрғынын (әйел – авт.) есепке алғанда, 392 адам коронавирус инфекциясына қарсы емделіп жатыр. Бір пациенттің жағдайы өте ауыр, 4 науқастың жағдайы – ауыр, 92 пациенттің жағдайы - орташа ауыр, 295-інің жағдайы – қанағаттанарлық. Провизорлық госпитальдарда 356 адам бар, Оның ішінде 18-і бала.  Ал карантиндік оқшаулауда 422 адам жатыр (7-і бала), үй карантинінде 7992 азамат бар», - деді Т. Әбілдаев.

Айта кетейік, Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының 200-ге жуық маманы коронавирус жұқтырғаны анықталды. Ал балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының 31 дәрігерінен СOVID-19 анықталған.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары