Алматыда коронавирус жұқтырған медицина мамандарының саны 218-ге жетті
Орталық клиникалық аурухана карантинге жабылды

COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың дені – қаладағы Орталық клиникалық аурухананың қызметкерлері. Аталмыш мекемеде қауіпті індет жұқтырғандар саны 182-ге жетті.
Вирус жұқтырғандар арасында сондай-ақ Балаларға арналған қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының 30 қызметкері, Жедел және шұғыл медициналық көмек станциясының 2 қызметкері, №1 қалалық клиникалық аурухананың 1 қызметкері және №11, 32 және 12 қалалық емханалардың бір-бір қызметкері бар. Жалпы, қала аумағындағы стационарларда коронавирус жұқтырған 311 адам ем алып жатыр. Араларында 6 бала мен жүкті 3 әйел бар.
«253 науқастың жағдайы – қанағаттанарлық, 3 адамның халі ауыр, ересек 55 науқастың жағдайы орташа ауыр. Провизорлық госпитальдерде 343 адам бар, оның ішінде 11-і бала, карантиндік оқшаулауда – 419, үй карантинінде – 7097 адам жатыр», - деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.
Дәл қазіргі сәтте Алматыда коронавирус 370 адамнан анықталды, оның 58-і қауіпті індеттен айығып, ауруханадан шығарылды. Карантинге жабылған Орталық ауруханада дезинфекциялау жұмыстары басталады. Ал шұғыл көмек бойынша науқастарды № 7 және № 4 қалалық клиникалық ауруханаларда қабылдайды.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы