Ағашқа өрмелеп, интернет жұмысын жақсартуға бола ма – байланыс операторының жауабы
Ауыл оқушылары қырдың басына шығып сабақ оқуға мәжбүр болды
Қазақстанда төтенше жағдай жарияланып, бірнеше қалада карантин енгізілгелі бері интернетке түсетін салмақ едәуір артты. Ал, қашықтан оқуы тиіс ауыл оқушылары мен студенттері интернетке қосылу үшін талға өрмелеп шығып немесе қырдың басында отырып сабақ оқуға мәжбүр болды.
Осыған қатысты «Beeline Казахстан» байланыс операторының атқарушы директоры Евгений Настрадин пікір білдірді. Оның айтуынша, биікке шығып толқын аулау – бос әурешілік. Яғни, үйде болмаған интернетті шатырдан табу екіталай.
«Жеке басым, олай істеуге кеңес бермес едім. Бірақ физиканы алдай алмайсың. Толқындардың таралу физикасын ешкім жоққа шығарған емес. Төбеге шығу жылдамдықты өзгерткен күннің өзінде, болар-болмас деңгейде деп айтуға болатын шығар. Бірақ жалпы алынған қызметтің сапасына әсер ете қоймайды. Басқа сөзбен айтқанда, егер қызмет үйде қолжетімсіз болса, шатырға шығудың пайдасы жоқ», - деді ол бүгін онлайн-брифингте.
Бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дарын Тұяқов биыл Қазақстанның 643 ауылында интернет қосылатынынан хабардар еткен. Ал оқушылардың көбі интернеттің нашарлығынан сабақты телеарналар мен радио арқылы оқып жүр.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан