«Бірінен бірі өткен мықты». Қазақстандағы ең танымал екі ғалым анықталды

Темірхан Айжан

Оның бірі - математик болса, екіншісі биолог  

«Бірінен бірі өткен мықты». Қазақстандағы ең танымал екі ғалым анықталды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

EGOV mobile платформасы өткізген сауалнаманың қорытындысы бойынша математик Асқар Жұмаділдаев пен биолог Күнсұлу Закария ең танымал отандық ғалымдар екені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Асқар Жұмаділдаев – белгілі ғалым және қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА академигі. 

Ал, Күнсұлу Закария болса Әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі, Ресей Жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі, СOVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы QazCovid-in (QazVac) қазақстандық вакцинасын әзірлеуге қатысқан. International Woman's Day (IWD) жаһандық бастамасы вакцина жасайтын аса көрнекті әйелдердің тізіміне кірген. 2022 жылдың 22 тамызында «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ бас директорының лауазымына тағайындалды.

7 сәуір мен 11 сәуір аралығында жүргізілген сауалнамаға еліміздің барлық аймағынан 20 725 адам қатысқан. 

«Әлеуметтік зерттеу нәтижесі азаматтардың ғылым мен технология саласындағы жаңалықтарға қызығушылығы жоғары екенін көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың басым көпшілігі (85,9%) ғылыми жаңалықтарды оқиды, көреді. Бұл ретте ғылымға қызығушылық танытатын ер адамдар үлесі (89,1%) әйелдердің үлесінен (82,3%) сәл жоғары. Сондай-ақ ғылымға 18-29 жас аралығындағы жастар көп қызығады», - делінген eGov mobile хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, 15 сәуір – Қазақстанда Ғылым күні болып белгіленген. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.