Ақтөбелік азамат алаяқтарға бір күнде 14 рет ақша аударған

Azattyq Rýhy

Жәбірленуші өз атына жалпы сомасы 7 млн теңгеге несие рәсімдеген

Ақтөбелік азамат алаяқтарға бір күнде 14 рет ақша аударған
Фото: istockphoto.com

Ақтөбелік тұрғынның телефонына белгісіз адамдар WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып, өздерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ұлттық банктің қызметкері ретінде таныстырып, 7 млн теңге сомасындағы қаражатын заңсыз иеленген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алаяқтар жәбірленушіге оның атына алаяқтар несие рәсімдеп жатқанын және оларды тоқтатып, қолға түсіру үшін өз атына бірнеше несие рәсімдеу қажет екенін айтқан.

Әйел қоңырау шалушылардың барлық шарттарын орындап, бір күн ішінде қаладағы 3 банкке барып, өз атына жалпы сомасы 7 млн теңгеге несие рәсімдеген. Дәрігер әйел бұл ақшаны алаяқтар көрсеткен банктік шоттарға терминал арқылы 14 рет аударған. Үш күннен кейін алаяқтарға алданып, қарызға батқанын түсінген әйел полицияға арызданды.

«Полиция қызметкерлері өңірдегі барлық мекемелерді, оның ішінде медициналық мекемелерді де аралап, алаяқтықтың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күн сайын жүргізіп, дабыл қаққанымен, өкінішке орай азаматтар әлі де өз еркімен алаяқтарға ақша аударуда. Банк қызметкерлері WhatsApp мессенджері арқылы қоңырау шалмайтынын, жеке деректеріңізді және телефонға ешқандай қосымша бағдарламалар жүктеуді сұрамайтынын және өз аттарыңызға несие рәсімдеп, ақшаны аударып жіберуді талап етпейтінін азаматтардың тағы да есіне саламыз», – дейді Ақтөбе облысы ПД киберпол бөлімінің басшысы Галина Стырличук.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.