Солтүстік өңірлерден 170 мың адам шетелге көшіп кеткен
Бұл - бір жылдың көрсеткіші
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Сенаттың жалпы отырысында солтүстіктен көшіп кеткен ағайын жайлы айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Солтүстіктегі аймақтарда халықтың азаюы байқалып отыр. Соңғы жылды айтсақ, 8 аймақтан 170 мың адам шетелге көшіп кетті. Оған бірнеше себеп бар. Этномәдени, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму мәселесі де бар. Бір бағдарлама бойынша оңтүстік аудандарында солтүтсікке 59 мың адам көшіп келді. Бұл тек бір ғана бағдарлама бойынша. Оған қоса жастарға арналған жоспарлар да бар. Оның ішінде «Серпін» бағдарламасы, «Дипломмен ауылға», «Ауыл аманаты», «Ана мен бала» деген бағдарламалар бар», - деді Сарбасов.
Оның айтуынша, бағдарламаларға 20 мың адам қатысқан.
«Осы бағдарламалар президент жарлығымен бекітілген болжамды схеманың бірі. Бұл заңда көрсетілген іс-шараларды қоссақ, қоныс аударушыларға 20-дан астам мемлекеттік қызмет көрсетеді. Бұл жұмысты орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп жетілдіре түсеміз», - деді Ақмади Сарбасов.
Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып жатыр.