Бұл туралы Мәжіліс депутаты Вера Ким мәлімдеді
Қазір Мәжіліс депутаттары еліміздің су басқан ауыл-аймағының, аудандарының ахуалын бақылап жүр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Депутат Бақытжан Базарбек, Дмитрий Колода, Еркебұлан Мәмбетовтер Солтүстік Қазақстан облысына барды.
«Новоникольское кентіндеміз. Петропавл қаласы маңындағы су тасқынына байланысты шұғыл түрде Солтүстік Қазақстан облысына келдік. Бір тәулікте судың деңгейі 3 метрге көтерілген. Ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдері бақылауда ұстап отыр. Судың деңгейі әлі көтеріледі деген болжам бар», - деді Бақытжан Базарбек.
Тағы бір су басқан ауыл – Петропавлдан 75 шақырым жердегі Покровка деген ауыл. Депутат ауыл үйлері толықтай суға кеткенін айтады. Мұндағы тұрғындардың жартысы туған-туысын паналаса, жартысы уақытша тұру пунктеріне жайғастырылған. Халық қалаулылары солтүстіктегі Сергеев су қоймасын көріп келді. Сергеев су қоймасы 7 шақырым аумақты алады. Участок бастығы Амантай Бақытжановтың айтуынша, 2-3 күнде судың екінші тасқыны келеді. Қазір басылған су деңгейі сол кезде қайта көтеріледі.
«Бөген бұзылады деген қаупі жоқ. Су деңгейі 4 метр 25 сантиметрге көтерілді, 2018 жылы 3 метр 38 сантиметр болған. Қазіргі су көлемі 1 млрд 240 млн текше шақырым. Су қоймасы 180 пайызға толып тұр», - деді Амантай Бақытжанов.
Ал Атырау қаласында судың жағдайын бақылап жүрген AMANAT фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов ежелгі Сарайшық қалашығына су басу қаупі төнгенін хабарлады.
«Атырау қаласы, Махамбет (Махамбет, Сарайшық ауылдары) және Индер (Құрылыс, Жарсуат ауылдары) аумақтарында «үлкен суды» қабылдауға дайындық бойынша жүріп жатқан жұмыстарды қарадық. Жағаны күшейтіп жатқан тұрғындармен де кездестік. Жарықтандыру, құрал-жабдықтар бойынша көмек сұрайды, оларға бульдозер, экскаватор қажет. Қосымша көмек көрсету үшін Қорғаныс министрлігінің бөлімшелері қатысатын болады. Қазіргі жағдайды бәрі де түсінеді. Бәрі де ұйымшылдықпен, бірлікпен жұмыс істеп жатыр. Ежелгі Сарайшық қалашығын су басу қаупі төніп тұр. Болжам бойынша, Атырауға 20 сәуірде үлкен су келеді деп күтілуде. Оперативтік жағдайға келсек, бүгін Ембі-Ақкиізтоғай өзендерінің гидропостында, су деңгейінің тұрақты төмендеуі байқалады, деңгейі 295 см. 4 сағатта ішінде 3 см түсті. Жайық өзенінің гидропосттарында су деңгейі көтерілуде. Бұдан әрі өсім күтілуде. Ириклинск су қоймасында ағындар 1500 м3/с құрайды. Қиғаш өзенінің өлшеу бекеттерінде жағдай тұрақты, су деңгейінің төмендеуі байқалады. Жалпы, жұмысты жеделдету қажет», - деді Дүйсенбай Тұрғанов.
AMANAT фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Айна Мысырәлімова су тасқынына мониторинг жүргізу үшін Аршалы ауданы Жібек Жолы және Целиноград ауданы Талапкер ауылдарына барып, жай-күйді бақылаған.
«Аршалы ауданының тұрғындарына қазіргі уақытта көлемі 402 млн текше метрлік Астана су қоймасы қауіп төндіріп тұр. Ол жерге секундына 300 текше метр су құйылады. Барлық жерге белгілер қойылған, су деңгейі 1,7-ден 4,4 метрге аралығында. Су деңгейі туралы есептер және басқа ақпарат штабқа екі сағат сайын келіп тұр. Су тасқынына қарсы іс-шаралар кезеңінде 226 мың текше метр еріген су сорылып, 850 мың текше метр қар шығарылды. 12 км қашықтықта қорғаныс біліктерін нығайту жүргізілді, 106 бірлік техника жұмылдырылды. 38 мың қап жиналды және төселді. Жібек жолы бұл күндері 4,6 шағын аудандағы шиеленісті жағдай. Целиноград ауданында 474 мың текше қар шығарылды, 22 км су бұру траншеялары, 12 км қорғаныс біліктері салынды, 32 км каналдар мен арықтар тазартылды. Шамамен 1,2 миллион текше метр еріген су сорылды. 3 км жаңа бөгет салынды. 8 пункт дайындалды. 355 адам, 82 бірлік техника, 57 мотопомпалар жұмылдырылды», - деп баяндады депутат.
Павлодар облысы бойынша деректер берген AMANAT фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Вера Ким су тасқынынан 125 отбасы зардап шеккенін мәлімдеді.
«Ең көп зардап шеккендер Ертіс (37 отбасы), Успен (41 отбасы), Ақтоғай (14 отбасы) (Жалаұлы ауылы), Тереңкөл (10 отбасы) аудандарының тұрғындары. Сонымен қатар, 500 бас мал айдалды. Су тасқыны басталғаннан бері облыс бойынша 1 млн м3 астам еріген су сорылып, 700 тоннадан астам инертті материал құйылды. Аймақта су тасқынынан зардап шеккен әлеуметтік нысандар жоқ», - деді ол.
Оның айтуынша, су тасқынының залал сомасы алдын ала есептеулер бойынша 207,9 млн теңге.
«Жаңа үйлерді қалпына келтіруге және салуға қажетті қаражат бюджеттен тыс бөлінеді. Зардап шеккен өңірлерде мәслихаттардың шешімі негізінде 50-ден 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлемдер көзделген», - деді ол.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек қиын кезеңде елді бірлікке шақырды.
«Бизнес өкілдері, кәсіпкерлер, қоғам өкілдері, журналистер, мемлекеттік органдар, жастар барлығы жұмылған жұдырықтай біріккенде ғана, табиғи апаттан басымызды көтере аламыз. Сонда ғана бұл қиындықты өткере аламыз. Қазағым мұндай қиындықты талай көрген. Осындайда тырнақ астынан кір іздемей бірігуіміз керек. Су азайғаннан кейін бәрін біртіндеп қараймыз. Әр мемлекеттік орган, уәкілетті органдар тиісті бағасын береді. Бірақ дәл қазір біз халықты құтқаруымыз керек», - деді депутат.