$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.04.2024, 17:51
Қоғам

«AMANAT» депутаттары су тасқынынан зардап шеккен ауылдарды аралап жүр

Депутаттар ШҚО, Атырау, Ақтөбе облыстарына барған

«AMANAT» депутаттары су тасқынынан зардап шеккен ауылдарды аралап жүр
видеодан скриншот

Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаттары су тасқынынан зардап шеккен ауылдарға барып, халықпен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Депутаттар  өңірлердегі жағдайды әлеуметтік желідегі жеке парақшаларына жазып, аймақтағы су тасқыны туралы ақпарат берген. Мәселен, депутат Ринат Зайытовтың ақпаратына сүйенсек, Абай облысы Ақсуат, Көкпекті аудандарының халқы үлкен зауалдың алдын алған.

«Шығын жоқ емес, бар. Бірақ, салыстырмалы түрде көп кеселден аман. Сапар барысында түсінгенім, ең бірінші жергілікті басшылық халықты ұйымдастыра білу керек. Орталықтың көмегі көзді ашып-жұмғанша келе салмайды. Абай обылысындағы жұрт судың тасуына дайындалғаны көрініп тұр. Соның арқасында бірнеше ауыл іргесіне келген топан суды өз күшімен бұрған», - деп жазды Зайытов.

Депутат, мәжілістегі фракция жетекшісі Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, «AMANAT» партиясы алғашқы сәттен бастап халықтың жанынан табылып, бар көмегін ұсынып жатыр.

«Сындарлы сәтте ел президентінің маңына топтасып, ауыртпалықты еңсеруде елдік пен бірліктің үлгісін көрсетіп жатыр. Халықтық ұйым – «AMANAT» партиясы да алғашқы сәттен бастап су басқан өңір халқының жанынан табылып, бар көмегін ұсынып жатыр. Жастар қанатының мыңдаған еріктілері зардап шеккендерді көшірісуге, қарғын суға қарсы бөгет жасауға, гуманитарлық көмекті үлестіруге аянбай атсалысуда. Бүгінгі күні партиямыздың ел көлемінде бүкіл құрылымдық бөлімшелері бірігіп, су басудан зардап шегіп отырған өңір тұрғындарына жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеден астам сомаға қаржылай және заттай көмек көрсетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен қажетті заттар мен азық-түлік тиелген гуманитарлық көмек керуендерін жөнелтті. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын таба береді”, – дейді ол

Оның айтуынша, бірқатар депутаттар өз есептерінен халыққа қаржылай көмек беріп жатыр. 

«Депутаттар ауыртпалыққа ұшыраған ағайынның талап-тілегін құзырлы органдарға тікелей жеткізіп, қажетті ресурстарды жедел жұмылдыруға ықпал етіп жатыр. Бірқатар әріптесіміз жеке өз есептерінен қомақты қаржылай, заттай көмектерін беріп жатыр. Депутаттар апаттың беті қайтқанша сонда болады”, - деп хабарлады ол.

Депутат Қазыбек Әлішев желідегі жеке парақшасында жазғандай, ол "AMANAT" партиясының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ербол Данағұловпен бірге көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Темір ауданы Құмсай ауылына барған.

«Ауылға тағы бір мәрте ат басын бұрып, бүгінгі күні жасалған шаралармен танысып, партия тарапынан ауыл тұрғындарына гумманитарлық көмектерді табыстадық. Қазіргі таңда барлық зардап шеккен үйлер комиссиямен қаралып, шығынды анықтау үшін бағалау жүріп жатыр.  Уақытша тұру үшін жылы вагондармен қамтамасыз етілген», - дейді ол.

Су тасқынынан қатты зардап шеккен өңірдің бірі – Атырау облысы. Депутат Әділ Жұбановтың айтуынша, облыстағы Жылыой ауданының тасқын сумен күрескеніне алтыншы күн болған.

«Су тасқынының қаупі сейілгенімен, судың беті қайтпай, халықты әбігерге салып жатыр. Жылыой ауданында тасқын судан қаза болған 2 адамның денесі табылды. Тағы әкелі-балалы 2 адам іздестіріліп жатыр. Баспанасына су кіріп, шарасыз күйде жүрген құлсарылықтар үшін бұл өте ауыр жағдай», - дейді депутат.

Айта кетейік, мәжіліс депутаттары су тасқынына байланысты өңірлерді аралап жүргендіктен, бүгін, 10 сәуір күнгі жалпы отырысы өткен жоқ.

Серіктес жаңалықтары