Су тасқыны кезінде өз міндетін орындамаған шенеуніктер қылмыстық жауапқа тартылады
Қызмет барысындағы әрекетсіздік үшін жаза күшейтіледі
Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ОКҚ-да өткен брифингте төтенше жағдай кезінде өз қызметінен жалтарған шенеуніктер жазаға тартылатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Заңға сәйкес төтенше жағдай кезінде лауазымды тұлғалардың да жауапкершілігі артады. Қызмет барысындағы әрекетсіздік, құқық қорғау органы қызметкерінің өз міндеттерін орындаудан жалтаруы қылмыстық жауаптылықты ауырлатады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызметті атқару қағидаларын бұзған, азаматтарға, ғимараттарға шабуыл жасау мен мүлікті қауіпті тәсілмен жоюға қарсы шаралар қабылдамаған бастықтың әрекетсіздігі үшін жауапкершілік күшейтілді», - дейді Сұлтанбаев.
Ол ел азаматтарын тұрғындардың денсаулығы мен мүлкін сақтауға шақырды.
«Ішкі істер министрлігі су тасқыны кезеңінде тұрғындарының өмірі мен денсаулықтарын қорғауға, мүліктерінің сақталуын қамтамасыз етуге арналған іс-шараларға түсіністікпен қарауға шақырады. Ішкі істер органдары су басқан аймақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететінін атап өткім келеді», - деді ол.