«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»: Тайтөбеліктер бөгетті нығайтып, қауіпті сейілтті
Ауылдағы дамбаны нығайту жұмыстары толық аяқталған
Астана іргесінде орналасқан Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылына су тасқынынан төнген қауіп толық сейілді. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне Тайтөбе ауылының әкімі Парасат Досмағанбетов айтып берді.
"Қазір тасқынға қарсы жағдай толық бақылауда. Судың келер жолын бөгеу үшін көптің көмегімен ауқымды жұмыстар атқарылып, құм салынған мыңдаған қаптар дайындалды. Арнайы техникалар үздіксіз жұмыс жасады. Оған дейін де бұл туралы талай айтылды. Жағдайға бей-жай қарамайтын көптеген тұрғындар, белсенділер, мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер келіп күні-түні бел шешпей жұмыс істеді. Нәтижесін көріп отырмыз, яғни, Тайтөбе ауылында су тасқынына қарсы топырақтан жасалған жасанды бөгетті нығайту жұмыстары толық тоқтатылды. Себебі Тайтөбе ауылына төнген қауіп сейілді. Бұл бірлігіміздің арқасында болып жатыр деп айта аламын" - деді Парасат Досмағанбетов.
Әкімнің айтуынша, тұрғындар өздері бастамашы болып күні-түні бөгетті нығайтқан жұмысшыларға, еріктілерге ыстық тамақ жеткізіп берген. Бұл да суық күнде толарсақтан саз кешіп жүргендердерге жылулық сыйлады.
Жергілікті атқарушы органдар мен ерікті тұрғындар Тайтөбедегі 2400 метр бөгет 1200 метрге ұзартылып, 2,5 метрге биіктетілген. Бір сөзбен айтқанда, ауылдағы су тасқыны бақыланатын режимге өткен.
«Қосшыдағы су тасқыны бақыланатын режимге өтті дегеніміз қазір ешқандай қауіп-қатер жоқ дегенді білдіреді. Тек дамбадағы судың деңгейін кезекшілік тәртіппен бақылап отырамыз. Дамбаны нығайту жұмыстары толық аяқталды. Жағдай өте тұрақты», - деді Қосшы қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ардақ Зұлқажапқызы.
Айта кетейік, кеше Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Тайтөбе ауылында су тасқынына қарсы жүріп жатқан жұмыстарды өз көзімен көріп шықты. Өңір басшысы босаңсуға әлі ерте екенін де ескертті.
Еске салсақ, бұған дейін Қосшы қаласы Тайтөбе ауылы бойынша судан қорғанысты күшейту, нығайту жұмыстары күні-түні жүріп жатқаны туралы жазған болатынбыз.