Адвокат Салтанат Нүкенованың мәйітіне жасалған сараптаманы оқыған кезде көз жасына ерік берді

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Жанна Оразбахова Нүкенованың мүрдесіне жасалған сараптаманы шамамен 10 минут оқыды

Видеодан скриншот

Бүгін сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова күдікті Қуандық Бишімбаевтан жауап алғаннан кейін марқұм Салтанат Нүкенованың мүрдесіне жасалған сот-медициналық сараптамының мәтінін жариялауды өтінді. Бұған Бишімбаевтың адвокаттары қарсы болды. Судья Айжан Күлбаева олардың өтінішін қанағаттандырмай, зардап шегуші тарап, яғни, Нүкенованың ағасының адвокаты Жанна Оразбаховаға сараптаманы оқуға рұқсат берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

 «Сот-медициналық сараптама кезінде Салтанат Нүкенованың денесінен бас сүйек-ми жарақаты, бетінде көптеген жара мен қан анықталды, мұрны сынған, мұрнының айналасындағы терісіне қан құйылған, бас терісіне қан құйылып,  субдуральды гематома (мидың ұзақ материялық қабатының астынан қан кету) анықталған», - деді сараптаманы оқыған адвокат Жанна Оразбахова.

Нүкенованың денесіндегі жарақаттардың көп болғаны сонша, адвокат Жанна Оразбахова 10 қараша күні жасалған сот-медициналық сараптаманың қорытындысын шамамен 15 минуттай оқыды. Кейбір жарақаттарын жария еткенде ол көз жасына ерік берді.