$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.04.2024, 23:18
Қоғам

Шымкентте ер адам дүкен алдында тұрған бейтаныс әйелді теуіп, жұдырық жұмсаған

Оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды

Шымкентте ер адам дүкен алдында тұрған бейтаныс әйелді теуіп, жұдырық жұмсаған
Бейнеден кадр

Шымкентте 50 жастағы ер адам гүл сататын дүкен алдында тұрған бейтаныс әйелді теуіп, жұдырық жұмсаған. Бұл оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бейнежазбаны жәбірленуші Instagram парақшасында жариялап, оқиғаның қалай болғанын жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жәбірленушінің сөзінше, 13 ақпан күні кешкі сағат 18.10 шамасында құрбысының туған күніне бармақ болып «Нұрсәт» шағынауданындағы үйінің алдында орналасқан дүкеннен гүл сатып алған. Сыртқа шығып,такси шақырмақ болған. Осы сәтте белгісіз ер адам оның арқасынан тепкен.

«Алғашында ер адам байқаусызда құлап қалды деп ойладым. Алайда ол орнынан тұрып, бетімнен жұдырықпен ұрды. Жан дауысым шығып, айқайлап, жан-жағымнан көмек сұрадым. Бірақ ешкім менің жанайқайыма мән бермеді. Содан полицияға, кейін әкеме хабарластым. Жедел жәрдемді де өзім  шақырдым. Не боп, не қойғанын түсінбей қалдым. Басым айналып, жүрегім айни бастады. Айналамдағы үлкен әйелдер «Сен өзің не айтып едің?» деп сұрады. Тура осы сұрақты учаскелік полицей, тергеуші, тіпті криминалист те қойды. Әлгі маған тап берген ер кісі болса, полицейлердің көзінше мені тауып алып, өлтіріп кететінін айтып қорқытты», - деп жазды жәбірленуші.

Соққыға жығылған әйел тіпті орнынан қозғала алмай қалған. Бас миы шайқалған. Арқасы ауырсынып, ұзақ ем-дом алуға мәжбүр болған. Оқиға болғаннан кейін шамамен 3 аптаға дейін полициядан еш хабар болмапты. Кейін тергеуші хабарласып, істің мән-жайын жеткізген.

Жәбірленушінің жазуынша, тергеуші кезекпен ауысып, тек үшіншісі істі сотқа жіберіпті. Алайда ер адам екі рет сотқа келмеген. Оның бірінде ол Қызылордада болғандықтан үлгермей қалғанын айтқан, ал екіншісінде масаң күйде болып, Қызылордадан қайта алмапты.

Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылды. Оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу және қоғамдық орындарда 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ол мәжбүрлі түрде алкоголизмнен емделетін болды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары