Апаттан көз ашпаған ЖЭО-лар қожайындарының жауапкершілігі күшейтіле ме - министр жауабы
Мәжілісте «Жылу энергетикасы туралы» заңының жобасы мен оған ілеспе заң жобалары қаралып жатыр

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтен еліміздің бірқатар қаласының ЖЭО-ларында болған апаттарға байланысты олигархтардың жауапкершілігін күшейту туралы позициясын сұрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мәжілісте «Жылу энергетикасы туралы» заңының жобасы мен оған ілеспе заң жобалары қаралып жатыр.
«2022-2023 жылдары еліміздің жылу электр орталықтарында ірі апаттар болды. Оның себептерінің бірі - мекемеге жауапты басшылардың, яғни олигархтардың өз қаражатынан орталықтарға жөндеу жұмыстарын жүргізбеуі, жаңартпауы. Біз оны жақсы білеміз. Сондықтан депутаттар Екібастұз, Риддер сияқты тағы басқа да қалаларда болған қайғылы оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін жылумен жабдықтау объектілерінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша меншік иелерінің, акционерлердің, олигархтардың міндеттерін қатаңдату, жауапкершілігін күшейтуді ұсынған. Осы жөнінде сіздің ұстанымыңыз қандай? Олигархтардың міндетін күшейтіп, қатаң талап қоя аласыздар ма әлде «бұл бизнес» деп жылы жауып қоясыздар ма?», - деді депутат.
Өз кезегінде Энергетика министрі депутаттардың ұсынысын қолдайтынын жеткізді.
«Біз депутаттардың тәсілін толығымен қолдаймыз. Бірақ біздің тәжірибемізде жазалау сияқты әдістер болған жоқ. Сондықтан оның критерийлерін анықтау керек. Ол үшін басқа да мемлекеттік органдармен үйлестіру жұмысын жүргізу керек», - деді министр.