БҚО-да 515 тұрғын үй су астында қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Суға кеткен үйлер саны әлі де нақтылану үстінде

Фото: БҚО ТЖД баспасөз қызметі

Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты апаттық-құтқару жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

БҚО ТЖД баспасөз қызметінен мәлім еткендей, осы кезге дейін 4 525 адам эвакуацияланса, соның 1 771-і – балалар.

Қауіпсіз орындарға 1 425 ірі қара, 2 004 ұсақ мал және 33 бас жылқы айдалды.

Қарғын су басу басталғаннан бері 764 мың текше метр су сорылып, 161 мыңнан астам қап төселді.

«Қазіргі кезде облыс бойынша 1 мыңнан астам адам (300-ден астам техника, 100-ден астам мотопомпа) күшейтілген режимде жұмыс жасауда. Шыңғырлау, Жақсыбай, Өлеңті, Бұлдырты өзендерінің арнасынан асуы және қар суының қосылуы салдарынан 4 ауданның 10 ауылында (Теректі ауданы – Аңқаты, Подстепный, Сырым – Жымпиты, Өлеңті, Бұлдырты, Қаратөбе – Қоржын, Бөрлі – Ақсу, Кеңтүбек, Аралтал, Пугачев елді мекендері) 515 тұрғын үй су астында қалды. Суға кеткен үйлер саны нақтылану үстінде. Бөрлі ауданы Бесағаш ауылы тұсында 2 сәуір күні сағат 07.00-де бөгеттің үстімен екі жерден су өткені (тереңдігі – 10-15 см, ұзындығы – 50 м, ені – 6 м) анықталды. Сондай-ақ су шлюз және табиғи айналма жол арқылы өтуде. Облыс автожолдарында 25 су өту және 32 су шаю дерегі тіркелген. Өңірде жағдай әлі де күрделі. Су басу қаупі төнген жағдайда эвакуациялық шаралар жүргізіледі», - деп хабарлады ведомстводан.