Атырауда шенеуніктердің салғырттығынан спортшылар үш айдан бері жалақысын алмаған

Azattyq Rýhy

Басшылардың уәдесіне алданған спортшылар шыдамы таусылып наразылыққа шықты

Атырауда шенеуніктердің салғырттығынан спортшылар үш айдан бері жалақысын алмаған
Фото: istockphoto.com

Шенеуніктердің салғырттығынан спортшылар жалақысыз қалды. Атырауда спорт басқармасына қарасты мекемелердің жаттықтырушылары мен жұмысшылары үш айдан бері еңбекақысын алмаған. Тіпті медициналық сақтандыру қорына ақша аударылмай, оларды емхана да қабылдамай қойған. Бюджет мекемесінің жалақыны кешіктіруіне спорт басқармасы атауының өзгеруі және реестрдің аяқасты жаңаруы себеп дейді жауаптылар. Бұл туралы Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

 Атыраудағы аты дардай Мұнайшы спорт кешеніндегі Жоғарғы спорт шеберлік мектебінің қызметкерлері. Сексеннен астам жаттықтырушы мен техникалық қызметкер үш айдан бері еңбекақысын алмаған. Басшылардың «әне-мінесіне» біраз уақыт алданған олар, шыдамы таусылып наразылыққа шықты.

 «Жоғарғы спорт мектеп кешені. Үш айдан бері жалақы алған жоқпыз. Зейнетақы қоры, медсақтандыру төленген жоқ. Отбасымыз, бала-шағамыз бар. Коммуналдық қызмет, дәрі-дәрмегіміз бар. Кредитті айтпай-ақ, ол өз алдына. Жағдайымыз өте қиын болып тұр», - дейді Жансая Науарова.

 Өткен жылы жаз айларында да еңбекақы осылай бірнеше айға кешіктірілген. Сол кезде де жауаптылар түрлы сылтаумен құтылған. Ал бұл жолы әкімдіктегілер басқарманың атауының өзгеруі және реестрде аяқ астынан өзгеріс болып, құжаттар қабылданбай жатыр деп ақталды. 

Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына үш қазыналық кәсіпорын қарайды: мүгедектер спорт клубы, мамандандырылған бокс клубы және жоғарғы спорт шеберлік мектебі. Қазір аталмыш мекемелердегі екі жүзге жуық қызметкер жалақысыз жүр. Тіпті ғимараттарының коммуналдық шығынын да төлей алмай отыр.

«Үш мекеме бар, оның ішінде мүгедектер клубы үлгеріп алып кетті. Реестр жаңаланбай тұр, ал екі мекеме үлгермей қалды. ШВСМ мен бокс клубы. Екеуі ақша ала алмай отыр. Бүкіл комқызмет, «Қазтелеком» төленбей тұр. Бақылауда ұстап отырмыз. Астанамен қайта-қайта сөйлесіп отырмыз», - деді Атырау облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бөлім басшысы Тілекқабыл Есдәулетов.

Қаржыға жауаптылардың айтуынша, бұл қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлерінің үш айдан бері алмаған еңбекақысы 100 миллион теңгеге жуық. Айлар бойы шешілмеген айлық мәселесін шенеуніктер осы аптаның аяғына дейін біржақты қыламыз деп уәде берді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.