Моноқалалардың инфрақұрылымдары әбден тозған – Премьер-министр
Соңғы 20 жылда моноқалалар тұрғындарының саны екі еседен астам азайып кетті
Моноқалалардағы халық саны азайып барады. Жұмысссыздықтан, жалақының аздығынан, тұрмыс сапасының төмендігінен қиындық көрген жастар ірі қалаларға қарай ағылуда, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Үкімет отырысында моноқалаларды дамыту мәселесі қаралды.
«Моноқалалардың дамуы көп жағдайда ондағы ірі кәсіпорындардың жұмысына байланысты. Сондықтан өндіріс көлемінің төмендеуі әлеуметтік қиыншылықтарға алып келуі мүмкін. Моноқалалардағы әлеуметтік және демографиялық проблемалардың кесірінен халық ірі қалаларға қоныс аударуда. Әсіресе, жастар жағы. Біз моноқалалардың түгелге жуығында көші-қонның теріс сальдосы бар екенін көріп отырмыз. Соңғы 20 жылда ондағы тұрғындардың саны екі еседен астам азайып кетті. Мұның басты себептері жұмыс орындарының тапшылығы, жалақының аздығы және тұрмыс сапасының төмендігі болып отыр», - деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Ол тәуелсіздік жылдарында моноқалаларды дамытуға бағытталған бірқатар бағдарламалар қабылданғанымен, жағдайдың еш өзгермегенін айтты. Бұған әкімдіктердің қаржыны сапасыз жоспарлауы себеп болған.
«Өткен жылы 6 моноқаланы – Алтай, Балқаш, Жітіқара, Лисаковск, Риддер, Степногорскті кешенді дамыту жоспарлары қабылданды. Жоспарланған іс-шаралардың 13%-ның орындалмай қалғанын айта кету керек. Оның негізгі себептері – әкімдіктердің тарапынан қаржыландырудың жеткіліксіздігі әрі сапасыз жоспарлау. Демек, жұмыс тәсілдерін өзгерту керек. 20 моноқалада қазір 1,3 миллионнан астам адам тұрады. Бұл – әжептәуір көрсеткіш. Әлеует жеткілікті. Пәрменді іс-қимылдар қажет», - деді Үкімет басшысы.
Бектенов моноқалаларды дамытып, жастарға тартымды ету үшін табыстарын арттырып, жұмыс орындарын көбейту қажет екенін айтты.
«Аталған міндет өндірістерді кеңейту, жаңа жобаларды іске қосу, бизнеске қолайлы жағдайлар жасау арқылы жүзеге асырылуға тиіс. Әкімдіктер жас мамандарға жағдай жасап, әлеуметтік пакеттер ұсынуы керек. Моноқалаларда өндіріс орындары бар компаниялар да корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктері туралы ұмытпауға тиіс. Оның ішінде, жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға, өндірісті кеңейтуге, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бастамаларға бірінші кезекте назар аудару қажет. Моноқалаларда жайлы тұрмыс деңгейі инфрақұрылым объектілерінің тұрақты жұмысына тікелей байланысты. Олардың көпшілігінде инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым әбден тозған. Облыс әкімдіктері жағдайды жақсарту үшін қажетті шаралар қабылдаған жоқ. Сондықтан қалыпты тұрмыс жағдайы мен қызметтерді қамтамасыз етуге баса назар аудару керек. Бұлар – инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы мен оларды жөндеу және білім беру мен медициналық қызметтердің қолжетімді болуы. Шағын және орта бизнесті дамыту барлық моноқалалар үшін өзекті болып табылады. Тек осындай іс-шаралар жұмыс орындары бойынша ірі кәсіпорындарға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Оның үстіне, қосалқы өндірістерді бизнеске беру моноқалалардың экономикасын әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Әкімдіктер компаниялармен бірге осындай жобаларды жан-жақты пысықтап, кәсіпкерліктің өсуіне жағдай жасауға тиіс», - деді Бектенов.
Ол Өнеркәсіп министрлігі Ақтөбе, Атырау және Қарағанды облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін Хромтау, Сәтбаев, Балқаш және Құлсары моноқалаларында индустриялық аймақтар құруды тапсырды.
«Мысалы, оңтайлы тәсілдер Саран мен Текеліге моноқалалар тізімінен шығуға мүмкіндік берді. Текелі қаласында 10 жыл ішінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 3 есеге артты, ал жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны екі есеге жуық өсті. Саран қаласының жағдайы әжептәуір өзгерді. Даму көрсеткіштері айтарлықтай арта түсті. Өңір әкімі қабылданған шаралар мен жаңа өндірістер, индустриялық аймақ туралы баяндады. Әрине, жаңа өндірістердің құрылуы осы қалалардың дамуына тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатына оң әсер етті. Мен жақында Саран қаласында болдым, өндірістерді аралап, жергілікті тұрғындармен кездестім. Көңіл күйлері жақсы. 20 жылдан астам жұмыссыз отырған адамдар жұмысқа кірісті. Бұл – өзге моноқалаларға үлгі болуға лайық мысалдар. Сондықтан Өнеркәсіп министрлігі Ақтөбе, Атырау және Қарағанды облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, Саран қаласының үлгісі бойынша осы жылдың соңына дейін Хромтау, Сәтбаев, Балқаш және Құлсары моноқалаларында индустриялық аймақтар құруы қажет. Кейін бұл тәжірибені басқа моноқалаларға да тарату керек», - деді Премьер-министр.