$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазір министрлік те, Үкімет те салалық журналистиканың қажет екенін түсінді – сарапшылар

Спорт тақырыбында сараптамалық мақалалар жазатын журналистер аз

Қазір министрлік те, Үкімет те салалық журналистиканың қажет екенін түсінді – сарапшылар
Фото: istockphoto.com

Қазақстандағы спорт журналистикасы өзіндік даңғыл жолына түсіп, дамып келе жатқан салалық журналистиканың ірі тармағы. Қазіргі күні еліміздегі спорттың жай-күйін бағамдап, басылымдарға жазып, телеарнадан айтып жүрген кәсіби журналистер шоғыры қалыптасқан. Алайда олар үлкен спектрлі спорт саласын толық қамти алмайтыны белгілі. Салалық журналистика дегенде ең бірінші ойымызға оралатын спорт журналистикасының жағдайы қалай деген сұраққа Azattyq Ruhy тілшісі жауап іздеп көрді.

2020 жылы Ұлттық университеттер ішінде алғашқылардың бірі болып Астанадағы Еуразия Ұлттық университеті спорт журналистикасы мамандығын ашқан болатын.

«Төрт жыл бұрын белгілі спорт журналисі, ұстаз болған Дүрәлі Дүйсебай ағамыздың ұсынысымен Еуразия Ұлттық университетінде спорт журналистикасын бөлек мамандық етіп аштық. Көбі салалық журналистиканы ауқымы тар деп қарсы болған. Бірақ біз бәрін дәлелдей отырып, спорт журналистикасы білім беру бағдарламасын іске қостық. Биыл алғашқы түлектерін шығарамыз. Жыл сайын 10-15 студент осы мамандықты таңдап, түседі. Спорт журналистикасы саласы бойынша қазір бас-аяғы 40 шақты студент оқып жатыр. Оларға спорттың теориясы мен практикасы, дене шынықтыру мен спорттың теориялары, спортқа қатысты заңдар, оның маркетингі мен менеджменті сонымен қатар, журналистика пәндері оқытылады. Елімізге белгілі спорт мамандары, журналистері дәріс береді.

Студенттерге білім берумен қатар, спорт саласындағы ақпарат құралдарына жіберіп, тәжірибеден өткізіп жатырмыз. Олар қазір өздерінің бағыттарын біледі. Әрқайсысы спортқа бейімделіп, студенттердің алды Qazsport-та, басқа да спорт сайттарында, телеарналардың спорт бағдарламаларында жұмыс істеп жүр», - деді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазы.

Оның айтуынша, университетке Ғылым және жоғары білім министрлігінен салалық журналистиканың басқа да бағыттарынан мамандықтар ашуға ұсыныстар келіп түскен. Бүгінде ол мәселе күн тәртібінде тұр.

«Қазір министрлік те, Үкімет те әр салаға бейімделген журналистердің қажет екенін түсінді. Әсіресе, пандемия кезінде ол анық білінді. Елге медицина, қаржы, заң салаларын індетіп жазатын журналистер керек-ақ. Олар халықты дер кезінде толық, шынайы ақпаратпен қамтамасыз ете алады. Бұл БАҚ-тағы көптеген мәселені жеңілдетер еді», - деді Серікзат Дүйсенғазы.

Спорт журналисі Бек Төлеуовтың пікірінше, бізде спорт тақырыбында сараптамалық мақалалар жазатын журналистер аз. Көпшілігі сөйлеуге, спорт жарыстарында комментатор болуға ұмтылады.

«Қазір дәстүрлі спорт журналистикасы артта қалып, жаңа заманға сай подкасттар, телеграм арналар, әлеуметтік желілермен жұмыс істейтін спортқа қызығатын журналист-блогерлер көбейді. Өкінішке орай, қазақша спорт сараптамалық мақалалар жазатын журналистер аз, 20 шақты бар деп ойлаймын, оның ішінде 10 шақтысы тұрақты түрде жазады. Жазатын журналистерге көбіне насихат жетіспейді, қаржылық мәселелер бар, айлықтары төмен. Оларды көпшілік тани бермейді ғой, сондықтан қолдау көрсетіп, демеуіміз керек. Жазылған дүние тасқа қашалғанмен бірдей, кейінге үлгі болып қалады. Әйтпесе қазір біз - спорт журналистері, подкастқа келетін сарапшылардың деңгейінде қалып бара жатқан жайымыз бар. Көбісі комментатор болғысы келеді, эфирде жүріп, блог түсіргісі келеді. Жанкүйерлер де соларды таниды, қаражат та сол жақта. Жазатындар азайып барады», - деді Бек Төлеуов.

Оның сөзінше, спорт журналистикасы да елдегі спорттың дамуымен қатар жүреді. Екеуі бір-бірімен тығыз байланысты, сабақтасып дамиды. Сондықтан спорттың жағдайы қалай болса, журналистиканың жағдайы да сол деңгейде болады.

«Көрші елдерден қалып кеттік деп ойламаймын. Кейбір тұста алда, кейбір тұста үйренетініміз бар. Қазақстанда аудиотория аз, халық саны көп емес. Оның ішінде қазақша оқитыны, орысша тұтынатыны бар. Жарнама берушілерге бұл маңызды фактор. Осы жағынан мәселелер бар деп ойлаймын. Мысалы, Өзбекстандағы танымал спорт комментаторларының әлеуметтік желідегі оқырмандары көп. Өйткені оларда халық саны көп және бізге қарағанда халқы ана тілінде көбірек сөйлейді.

Қазір спорт журналистикасынан 5-6 жылғы кезеңмен салыстырғанда даму қарқыны сезіледі. Жаңа басылымдар, телеарналар ашылып жатыр. Қазақша-орысша спортқа арналған сайттар, YouTube арналар бар», - деп пікір білдірді журналист.

Серіктес жаңалықтары