$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.03.2024, 23:18
Қоғам

Атырауда мейрам күндері ауаның экстремалды жоғары ластануы тіркелген

Әлеуметтік желіде күкіртсутектің иісі «Қарабатан» кен орнынан шыққаны туралы ақпарат тарады

Атырауда мейрам күндері ауаның экстремалды жоғары ластануы тіркелген
Фото: freepik.com

Атырауда мейрам күндері ауаға жағымсыз иіс тарап, тұрғындарды әбігерге салды. Өңір басшысы аталған мәселеге қатысты жиын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхамедовтің мәліметінше, «Казгидромет» РМК АФ берген мәліметте бұл күндері 36 жоғары ластану және 2 экстремалды жоғары ластану тіркелген.

«⁠Иіс қаланың сол жағындағы «Сасықсай» булану алаңынан шығуы мүмкін деп пайымдап отырмыз. Мұнда атмосфералық ауаны жоғары ластаушы ингредиент рұқсат етілген шекті концентрациядан 10 есе асқан. Оған қоса, 24 наурызда таңғы сағат 09:40-та «Привокзальный» атмосфералық ауа сапасын бақылау станциясы бойынша күкіртсутегінің рұқсат етілген шекті концентрациядан 97 есеге артық екені (экстремалды жоғары ластану) тіркелді»,-деді Ә.Бекмұхамедов.

«Казгидромет» РМК облыстық филиалының басшысы Салауат Төленовтің айтуынша, атмосфералық ауаның жоғары және экстремалды жоғары ластану жағдайлары туралы барлық мәлімет Атырау облысы бойынша экология департаментіне және жергілікті уәкілетті органдарға уақытылы беріліп отырған. Алайда АМӨЗ бен NCOC N.V компанияларының ауаның ластануын тіркейтін станциялар наурыздың 24-інен 25-іне қараған түнде ластану бойынша дерек бермеген.

«Таңғы сағат 3 пен 7 аралығындағы жағдай туралы мәлімет берілген жоқ. Біз АМӨЗ маңындағы тұрғын үйлер ауданындағы атмосфералық ауаның сапасына өлшеулер жүргіздік. Жел солтүстік-шығыстан соқты. АМӨЗ ЖШС-нің оң жағындағы қоныстану аймағында күкіртсутектің рұқсат етілген шекті концентрациясы 21-25 есеге дейін (жоғары ластану жағдайы) асып кетті. Ал мекеменің сол жағындағы қоныстану аймағында 17,5 есе шекті рұқсат етілген концентрациядан асты (жоғары ластану жағдайы). Мониторинг бойынша деректер Атырау облысы бойынша экология департаментіне жіберілді», - деді С.Төленов.

Әлеуметтік желіде күкіртсутектің иісі «Қарабатан» кен орнынан шыққаны туралы ақпарат тарады.

«Біз арнайы санитарлық қорғау аймағына талдау жүргіздік. Түнгі сағат 1-ден таңғы 9-ға дейін ауа сапасын тексердік. 24-25 наурызда жүргізілген тексеру нәтижесінде желдің басым бағыты солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа, яғни мекеменің кен орнына қарай соққан. Оған қоса, желдің жылдамдығы секундына 2 метр болған. Барлық станцияның дерегін алып отырмыз, жағдай бақылауымызда», - деді У.Жанаисов.

Жауапты басшыларға жағымсыз иістің пайда болу себебін анықтап, шарасын қолдану үшін комиссия құруды тапсырды. Атқарылып жатқан шаралар туралы тұрғындарға жедел әрі уақытылы ақпарат беруді шегелеп айтты.

«⁠Ауаның ластануы туралы тұрғындар тарапынан әлеуметтік желіде арыз-шағымдар көп айтылады. Кешегі болған жағдай құзырлы мемлекеттік органдардың тиісті деңгейде жұмыс атқармайтынын көрсетті. Жағдайға байланысты дереу шара қабылдаудың орнына төрт сағатта әрең жиналдық. Бізге тұрғындардың таза ауада, дені сау болып өмір сүргені керек. Ауаға жағымсыз иіс «Сасықсай» булану алаңынан тарады дейміз. Бірақ біз оның суын тазаладық. Тіпті фламинго ұшып келді деген ақпарат шықты. «Квадрадты» да тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Ондағы иіс айналасына тараса да, қаланы толық басуы мүмкін емес. «Қазгидромед» РМК АФ атмосфералық ауа станцияларынан акпарат жинап, талдау жасап, сол жұмыстардың негізінде ауаны ластаған кінәлілердің шарасын алу керек», - деп қорытындылады С.Шәпкенов.

Серіктес жаңалықтары