Экс-министрдің соты: Бишімбаев тағы да айыбын мойындамайтынын айтты
Келесі сот отырысы 29 наурыз күні сағат 10:00-де өтеді
Бүгін Астанада әйелін аса қатігездікпен өлтірді деп айып тағылған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың сот отырысы өтті. Ол өзіне тағылған айыптармен келіскен жоқ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Кінәмді мойындамаймын. Маған өз оқиғамды айтып беруге сотқа дейінгі тергеуде де мүмкіндік берілген жоқ. Прокурордың оқып берген айыптау актісінде ешқандай дәлел де, куә де жоқ. Мен 110-бап бойынша қылмыс жасаған жоқпын. Мен айыпты мойындамаймын. ҚР ҚК 99-бабы екінші тармағы бойынша аса қатыгездікпен қасақана адам өлтірген жоқпын», - деді Бишімбаев сот залында.
Ал екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов «қылмыс жасаған, не жасамағанын білмейтінін» айтты.
Келесі сот отырысы 29 наурызда сағат 10:00-де өтеді.
Бұған дейін сот Бишімбаетың ісін қарайтын 12 алқабиді таңдады. Оның 10-ы негізгі және 2-еуі қосалқы алқаби.
Күдікті Қ.Бишімбаевқа тағылған айып:
ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы, адам өлтіру, басқа адамға қатысты құқыққа қарсы қасақана аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру, ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің;
1) тармағы бойынша кiнәлi адамға материалдық жағынан тәуелдi адамға қатысты жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылған.
Күдікті Бақытжан Байжановқа тағылған айып:
ҚК-нің 432-бабы, аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу және ҚК-нің 434-бабы, белгілі аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау фактісі бойынша айып тағылған.
Айта кетсек, 2023 жылдың қарашасында экс-министрге өз әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деген айып тағылды. Оған ҚР ҚК 110-бабының 2-бөлігі (Азаптау) және 99-баптың 2-бөлігі (Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру) бойынша айып тағылған. Егер қылмысы дәлелденсе экс-министр 20 жылға дейін сотталуы мүмкін.