$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Тайтөбелік оқушыларға «Жаздық жолдама» берілді

Лагерьде балалар түрлі дамыту ойындарын ойнап, білім мен тәжірибелерін жетілдіре түседі

Тайтөбелік оқушыларға «Жаздық жолдама» берілді
Фото: Даулет Сабырбай

Қосшы қаласына қарасты Тайтөбе ауылының жалпы орта білім беру мектебінде Наурыз мерекесіне орай «Қазақстан халқына» қоры «Жаздық жолдама» қайырымдылық жобасын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Шара барысында мектеп оқушыларының қолынан шыққан қолөнер бұйымдары, майлы бояумен салынған суреттер, түрлі кескіндегі мүсіндер, ағаш, киізден жасалған бұйымдар көрмесі ұйымдастырылды. Ұлттық киімі жарасқан оқушылар ән салып, би билеп, домбыраның шанағынан күй  төкті. Шахмат шеберлері шаршы тақта үстінде сайысты. Робот құрастырумен айналысатын зерек оқушылар жаңа технологияны қаншалықты меңгергендіктерін көрсетті.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен 2022 жылдың қаңтар айында құрылған болатын. Аз ғана уақыт аралығында еліміздің барлық өңірлерінде денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, білім беру және спорт салалары бойынша жалпы сомасы 91 млрд теңге көлемінде 80-нен астам қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын іске асырды. Оның ішінде, білім беру саласында «Ауыл өңірлеріндегі тірек мектептердің әлеуетін арттыру» сияқты жобалар бар. Оның «Жаздық жолдама» бағытының орны ерекше.

Былтыр осы жоба бойынша «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржылай қолдауымен 19 754 оқушы жаздық демалысқа қол жеткізіп, жаңа эмоцияларға бөленіп қайтты. Лагерьде балалар түрлі дамыту ойындарын ойнап, білім мен тәжірибелерін жетілдіре түсті, табиғат аясына саяхатқа шықты, жаңа достар тапты. Тек ауылдық жердің балаларына арналған «Жаздық жолдама» жобасы өскелең ұрпақты көпмәдениетті ортадағы қарым-қатынас орнатуға, өмірлік қажетті дағдыларды нығайтуға бейімдейді.

«Қор Оқу-ағарту министрлігінің, жергілікті әкімдіктердің қолдауымен биыл маусым айынан бастап 5-8 сыныптардың 20 мың оқушысын жаздық демалыс лагерьлеріне жіберуді жоспарлап отыр. Жазғы демалыспен еліміздің барлық өңірлеріндегі ауыл мектептерінің оқушылары қамтылатын болады. Бұл балалардың жазғы демалыстарын көңілді өткізулерімен бірге, тұлғалық дамуы үшін берілген үлкен мүмкіндік деп білемін», – деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Марат Оқапұлы.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Тайтөбе ауылы мектебінің оқушыларына «QН Жаздық жолдама-2024» қайырымдылық жобасының 8 жолдамасын табыс етті. Сертификатты мектеп директоры Гүлім Сәбитбекқызы қабылдап алды.

Мектеп басшылығы жолдама бірінші кезекте көпбалалы отбасылардың, әлеуметтік осал топтар өкілдерінің балалары мен мектеп өміріне белсенді қатысатын үздік оқушыларға табысталатынын жеткізді.

«Бұл жоба балаларға толыққанды жаздық демалыс сыйлап, білімге, отансүйгіштікке деген құлшыныстарын арттыратыны сөзсіз. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ауыл балалары үшін жасап жатқан игі істеріне алғыс айтамыз», - деп ілтипат білдірді мектеп директоры Гүлім Сәбитбекқызы.

Серіктес жаңалықтары