Депутаттың айтуынша, ажырасулардың 40%-на лудомания тікелей себеп болып отыр
Мәжілісте ойын бизнесін реттеу, лудоманиямен күрес бойынша заң жобасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қазіргі таңда Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ел қауіпсіздігіне қатер төндіре бастады. Оның басты себебі – құмар ойындарының жұртшылыққа оңай қолжетімді болуы және оны ұйымдастырушылардың интернеттегі сайттарының кеңінен таралуы. Бұл туралы «АМАNАТ» партиясы фракциясының жетекшісі, депутат Елнұр Бейсенбаев мәлімдеді.
Оның дерегінше, соңғы екі жарым жылда еліміздің әрбір бесінші адамы ойын ойнайды екен немесе құмар ойындарына қандай-да бір қатысы бар. 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған. Ажырасулардың 40%-на осы лудомания тікелей себеп болып отыр,
«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – осы құмар ойынға шалдыққандар. Мәселен, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания», - деді депутат.
Бейсенбаев бұл дерттің әскерде де кең етек жайғанын атады.
«Бұрын сарбаздар арасында әлімжеттік бар болғанымен, суицид өте сирек кездесетін. Қазір әлімжеттік азайғанымен, сарбаздардың өзіне қол жұмсауы жиілеп кетті. Олардың көбі құмар ойынның шырмауынан шыға алмай, осындай жантүршігерлік қадамға барып жатыр. Сонымен қатар қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екені белгілі болды. Олар бәске тігетін ақша табу үшін алдымен қарыз алады, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады екен.
Осылайша, лудомания 21 ғасыр дертіне айналып отыр. Тіпті мектеп оқушылары да ойынға қатысып, бәс тіге бастады. Олардың ересек туыстарының атынан тіркеліп, ойнау фактілері жиілеп кетті. Мәселен, шамамен еліміздегі әрбір бесінші жас букмекерлік кеңселерде бәс тігеді. Бұл дегеніңіз бір миллионнан астам жас кемінде бірнеше рет құмар ойынға бәс тіккен деген сөз», - деді ол.
Қарастырғалы отырған заң жобасы аталған мәселені шешуге арналған.
«Құмар ойынның былайша етек алып кетуіне оның ешбір тежеусіз жарнамалануы да әсер етіп отыр. Букмекерлік кеңселер жарнамаға қомақты қаражат жұмсауда. Телеарналар, ресми интернет сайттар, Youtube арналары, Тik-tok, Instagram, Telegram сияқты әлеуметтік желілерде букмекерлік кеңселердің жарнамасы толып жүр. Сонымен қатар кейбір қоғамдық пікір көшбасшылары, белгілі блогерлер, медиа жұлдыздар да осы зиянды құбылысты жарнамалап жүр. Ұсынылып отырған заңда құмар ойынды жарнамалауға да тыйым қарастырылған. Енді осы заң жобасын тағы да жан-жақты пысықтап, тез арада қабылдауымыз керек. Мұны Президент Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда «Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет» деп нақты тапсырғанын білесіздер», - деді Бейсенбаев.
Құмар ойындарға тосқауыл қоюды көздеген заң жобасында мынадай шаралар қарастырылған: