Жүкті әйелдер перзентханаға жете алмай, үйде босанып жатыр – Мәжіліс депутаты
Тұрғындардың жанайқайын төрт шақырылым бойы Мәжіліс депутаттары қайта-қайта көтеріп келеді

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Қарағанды облысы Нұра ауданы Құланөтпес ауылдарын аудан және облыс орталығымен байланыстыратын жалғыз жолдың жылдар бойы жөнделмей жатқанын айтып, мәселе көтерді. Оның айтуынша, ойқы-шойқы жолмен медициналық көліктер де ауылдарға дер кезінде жете алмай, жүкті әйелдер үйде босанып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мемлекет басшысы Қ.Қ. Тоқаев 2022 жылғы Қазақстан халқына жолдауында Қазақстан жолдарының 95 пайызын 2025 жылға дейін жөндеу және тәртіпке келтіру туралы тапсырма берген. Сонымен қатар «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында республикалық автожолдарды салуды және реконструкциялауды, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды жөндеу көзделген.
Ежелден келе жатқан халқымыздың «Жол мұраты жету» деген аталы сөзінің қадірін Қарағанды облысы Нұра ауданы Құланөтпес ауылының тұрғындары тәнімен де, жанымен де толығымен сезінді. Ауылды аудан және облыс орталығымен байланыстыратын жалғыз жол мүлдем сын көтермейтін жағдайда деген тұрғындардың жанайқайын төрт шақырылым бойы Мәжіліс депутаттары қайта-қайта көтеріп, халықты үміттендіріп келеді. Тек кейінгі бес жылдың ішінде 3 облыс әкімі 4 салалық министр ауысып үлгерді, ал халықты қажытқан жол еш өзгеріссіз, Абай атамыздың «Баяғы жартас бір жартас!» деген сөзі осы мәселеде дәл айтылған», - деді депутат.
Оның айтуынша, аудандық маңызы бар, өткен ғасырдың 60-жылдары салынған, ұзындығы 21 шақырымды құрайтын «Жараспай - Құланөтпес» автомобиль жолы негізінен топырақ үйіндісінен көтерілген, оған ұсақ қиыршық тас төселген грейдер жол кіреді, ол 4-техникалық санатқа жатады және жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншігінде тұр.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері жергілікті бюджетке бір тиын төлемейтін ауыр салмақты көлік құралдары онсыз да жөндеу көрмеген жалғыз жолды одан әрі қирата берді. Бүгінде бұл жол апаттық жағдайда тқр. Осының салдарынан ауыл тұрғындарының аудан және облыс орталықтарына қатынауы қиындап, оларға жету үшін көлік жүргізушілері осы грейдер жолдан түсіп, оны қатарлас дала жолмен айналып өтуге мәжбүр болады. Бұл жағдай өз кезегінде онсыз да тозығы жеткен автокөліктердің істен шығуына және қосымша шығындарға әкеліп соғуда. Қатарлас дала жолымен жүру мүмкіндігі тек жаз айларында ғана болады. Сонымен осы күре жол арқылы қатынайды. Көлiк ағынының тәулiктiк қарқындылығы өте жоғары. Орта есеппен Құланөтпес ауылы арқылы 60-70 әр түрлі автокөлік өтеді», - деп атап өтті депутат.
Үнзила Шапақ осы апатты жолмен облыс орталығынан жолаушылар тасымалдайтын автобус та, аудан мен облыс орталықтарына жеткізілетін науқас адамдар мен жүкті әйелдер де, оқушы балалар да тасымалданатыны айтты.
«Оның үстіне стационарлық аурухана аудан орталығында болғандықтан, сапалы және уақытылы медициналық көмек алу мәселесі осы жолға тіреліп тұр. Сонымен қатар сапалы жолдың болмауынан көптеген жүкті әйелдер өз үйлерінде босануда. Бұл жолмен аудан басшылары мен әртүрлі мемлекеттік қызметкерлер де, құқық қорғау органдарының өкілдері де жүреді», - деді ол.
Депутат ауылда өрт бола қалса, өрт сөндіру машиналары да 78 шақырым жерде орналасқан аудан орталығынан үй, қора-қопсы түк қалмай өртеніп кеткен соң бір-ақ жететінін айтты.
Бірнеше жыл бұрын өрт сөндірушілердің дер кезінде жете алмауынан, ауылдық орталық кеңсе талай құжаттармен қоса өртеніп кеткен екен.
Осы мәселе бойынша Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдаған Үнзила Шапақ Құланөтпес және Жараспай ауылдары арасындағы 21 шақырым жолға республикалық бюджет арқылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді, Құланөтпес пен Соналы ауылдары арасындағы 30 шақырымдық жолға аудандық жол мәртебесін беруді қарастыруды талап етті.