$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Аманжол Әлтай мұнай қалдықтары төгілген полигонды жабуды талап етті

Ол Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Жұмажанов ауылында орналасқан

Аманжол Әлтай мұнай қалдықтары төгілген полигонды жабуды талап етті
Фото: stockphoto.com

Мәжіліс отырысында AMANAT партиясы фракциясының мүшесі, депутат Аманжол Әлтай Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Жұмажанов ауылы тұрғындарының жанайқайын жеткізді. Депутаттың айтуынша, тұрғындар ауыл іргесіндегі таяқ тастам жерге төгілген мұнай қалдықтарынан зардап шегіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Ауыртпашылық бір айналдырса шыр айналдырады екен. Онсыз да қытымыр қыстың тосын мінезімен арпалысып, жұттың кесірінен жылқысы қырылып, ұнжырғасы түскен Жаңаарқа жұртшылығының жанайқайын Үкімет назарына жолдаймын! Қыста қар құрсауынан, көктемде су тасқынынан, жазда құрғақшылықтан зардап шеккен ауыл халқының үніне салғырт қарамаңыздар!» - деп сауал жолдады Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай.

Мұнай қалдықтары төгілген полигон елді мекеннен небәрі 500 метр жерде орналасқан. Оның залалын тұрғындар ескертіп, дабыл қаққалы қашан.

«Бірақ өкінішке қарай, қарапайым халықтың талап-тілегімен ешкім санасар емес. Ауыл халқының тынысын тарылтып, тамағын қырнаған мұнай қалдықтарының жағымсыз иісі тұрғындардың мұңына айналып отыр. Денсаулығына алаңдаған жұрттың жанайқайын СЭС мамандары да, экологтар да назарына алмай келеді», - деді депутат.

Тағы бір мәселе, ауа-райының күрт жылынуы себепті кеше сол мұнай қалдықтарын жинақтайтын полигонды су басып кетті.

«Қар суымен араласқан зиянды мұнай қалдықтары Сарысу өзенінің арнасына құйылса, оның экологиялық залалы үлкен болмақ. Суда жүзген балықтың, жүгірген аңның, жұттан қалған азын-аулақ малдың қырылуына себеп болуы бек мүмкін», - деді Аманжол Әлтай.

Осы себепті депутаттық сауалда мына ұсыныстар жолданды:

1. Дереу су ағып жатқан аумақта мұнай қалдықтарының төгілу дәлелдері анықталсын. Арнайы комиссия құрылып, сараптама жүргізу қажет.

2. Ауыл тұрғындарының денсаулығына зиян келтіріп отырған іргедегі мұнай қалдықтары полигоны жабылсын.

3. Тексеріс нәтижесінде заң бұзушылық анықталған жағдайда өндірістік мұнай тасымалдау мекемесіне қатаң шаралар қолданылсын.

Серіктес жаңалықтары