Бишімбаевтың ісі бойынша алқабиге кандидаттар қалай іріктеледі

Алдын ала тыңдаудан кейін сот алқабилерді таңдауға кіріседі

Бишімбаевтың ісі бойынша алқабиге кандидаттар қалай іріктеледі
Коллаж: Azattyq Ruhy

27 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабиге кандидаттарды іріктеу үшін жабық сот отырысы өтетіні жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

«Алдын ала тыңдаудан кейін сот алқабилерді таңдауға кіріседі. Отырыста 12 адамнан тұратын (10 негізгі, 2 қосалқы, егер кейбіреулері ауырып қалса немесе күтпеген жағдайлар туындаса) алқабилер алқасы қалыптастырылады.

Осы мақсатта соттың сұрауы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде қалыптастырылған бастапқы тізімдегі 300-ге жуық адам сотқа шақырылды.

Ақпараттық жүйе заң талаптарына сәйкес келетін (25 жастан 65 жасқа дейін және т.б.) азаматтарды тізімге кездейсоқ түрде енгізеді», - делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, айыптаушы және қорғаушы тараптың қатысуымен өтетін отырысқа келген азаматтардың арасынан қандайда бір себептермен алқабилердің міндетін атқара алмайтын (соттылығы алынбаған немесе соттылығы бар, процесске қатысушылармен туыстық қарым-қатынасының болуы, психикалық, мінез-құлық бұзылыстарымен байланысты денсаулық сақтау ұйымдарында тіркеуде тұрғандар, сот ісі тілін білмейтін тұлғалар және т.б.) тұлғаларды тексеру жүргізіледі.

«Қосалқы алқабилер де сот отырысына қатысуға міндетті, бірақ кеңесу бөлмесіне 10 негізгі алқаби мен 1 судья барады. Алқабилер алқасына қандай да бір жолмен ықпал етуге болмайды. Алқабиге соттағы өз міндеттерін атқару кезеңінде судьялардың тәуелсіздігінің кепілдіктері беріледі. Сондай-ақ алқабилерді іріктеу рәсімі жабық сот отырысында өтуі заң жүзінде бекітілген. Алқабилер, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстары мемлекеттің қорғауында болады», - делінген Жоғарғы сот хабарламасында.

Бұған дейін азаматтық некедегі жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық істі алқабилер соты қарайтыны хабарланған болатын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.