22 мың тұрғыны бар «Асыл Арман» кешенінен карантин алынды

Автор: Azattyq Rýhy

Тұрғын үй кешені 1 сәуірде карантинге жабылған еді

фото: time.kz

Бас мемлекеттік санитардың қаулысымен Қарасай ауданындағы «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінен карантин алынды. Алматы облысында коронавирус жұқтырған 3-ші сырқат (1995 жылы туған) осы «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің тұрғыны. Ол жүктіліктің 21-22 аптасындағы әйел болған. Одан бөлек, тағы бір «Асыл Арман» тұрғыны, 1957 жылы туған әйелдің коронавирус жұқтырғаны анықталды. Осы жағдайға байланысты қауіпті індеттің одан ары таралуына жол бермеу мақсатында тұрғын үй кешенін 1 сәуірден бастап карантинге жапқан еді.

«Сол уақыттан бері тұрғын үй кешені аумағында медицина қызметкерлері, тәртіп сақшылары мен әскери еріктілер де қызмет етті. 25 жастағы жүкті әйелден қайта анализ алынып, ауруханадан шығарылды. Ал, 63 жастаға тұрғын әлі ем қабылдап жатыр. Олармен байланыста болған 23 адам анықталып, олардың барлығынан анализ алынды. Анализ қорытындысы теріс болып шықты», - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.