«Тыныштық сақтап, түсіністік танытуды сұраймыз»: Өскеменге қонатын эвакуациялық рейс туралы ресми ақпарат шықты
15 сәуірде келетін ұшақта қазақстандықтармен бірге Ресей Федерациясы мен Қырғызстан азаматтары да бар
ШҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті Өскемен қаласына келетін эвакуациялық рейс туралы ресми ақпарат берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Altaynews.kz-ке сілтеме жасап.
«Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен 15 сәуірде Өскемен қаласының әуежайына Қазақстан азаматтарын отанына қайтару мақсатында ұйымдастырылған эвакуациялық рейс қонады. Жолаушылар қатарында республиканың түрлі өңірлерінен келген тұрғындар, шығысқазақстандықтар, сондай-ақ, Ресей Федерациясы мен Қырғызстан азаматтары да бар. Ұшу алдында олардың барлығы медициналық тексеруден өткізілді, ауру белгілері анықталмаған. Бұған дейін осындай рейстер Павлодар, Талдықорған, Қарағанды, Ақтөбе, Тараз, Атырау және республиканың басқа да қалаларына келген», - деп жазылған ресми ақпаратта.
Облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, жолаушыларды қабылдау үшін барлық қажетті дайындық шаралары жүргізілген. Әуежайдың, қауіпсіздік қызметінің, медициналық және полиция қызметкерлері толық көлемде қорғаныс костюмдерімен және маскалармен қамтамасыз етілді. Міндетті түрде барлық жолаушылармен байланыссыз термометрия және сауалнама жүргізіледі. Барлық келген жүк дезинфекциялау құралдарымен өңделетін болады. Әуе кемесі мен экипаж, дезинфекциядан өткеннен кейін карантиндік шараларды сақтай отырып, Өскеменнен шығып кетеді. Ресей Федерациясының азаматтары әуежайдан түсе салысымен бірден автобусқа отырғызылып, полиция экипажының алып жүруімен Ресей Федерациясының аумағына жеткізіледі. Қырғызстан мен Қазақстан азаматтарына коронавирустық инфекцияға зертханалық талдау жасалып (ПТР талдау), карантиндік стационарға орналастырылатын болады.
«Олар карантин мерзімі аяқталғаннан кейін ғана тұрғылықты жерлеріне жіберіледі. Орналастыру объектілерінде қатаң тәртіп қолданылатын болады, полиция бекеттері орнатылады, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет пен медицина қызметкерлерінің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылады. Осылайша, ұшып келуден бастап, карантиннен шыққанға дейін жолаушыларды толық бақылау және оқшаулау қамтамасыз етіледі. Тыныштықты сақтап, жағдайға түсіністік танытуды сұраймыз», - деп жазылған департаменттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.