$ 497.89  525.12  5
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Құмар ойындарға заң жүзінде шектеу қою қажет – Президент

Президент есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын ауыр қылмыс санатына теңестіруді ұсынды

Құмар ойындарға заң жүзінде шектеу қою қажет – Президент
Коллаж: Azattyq Ruhy / фото: Әсет Қүндақбаев

«Шын мәнінде, озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам». Ұлттық құрылтайда осылай деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағымсыз кесел есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын ауыр қылмыс санатына теңестіруді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сонымен қатар құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажеттігін ескертті. Бұл ретте, «AMANAT» партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді.

«Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет. «AMANAT» партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет.Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады», - деді Мемлекет басшысы.

Лудоманиямен қатар, Президент тағы бір кесел – нашақорлықпен күресудің жолы – есірткі заттарын өндіретін адамның жазасын ауыр қылмыс санатына теңестіруді ұсынды.

«Ұлы Абай «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген. Бұл – әрине, ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиет. Бірақ әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар. Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Әсіресе, біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек.

Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды. Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын», - деді Президент.

Серіктес жаңалықтары