«Алтын уақытын еш пайдасыз іске жұмсап жатыр»: Президент ысырапшылдықты сынады

Аягөз Құрмаш

Мемлекет басшысы ысырапшылдықты қысқартуға шақырды

«Алтын уақытын еш пайдасыз іске жұмсап жатыр»: Президент ысырапшылдықты сынады
Фото: akorda

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында халықтың ысырапшылдығы жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. 

«Келесі түйткіл – ысырапшылдық. Шын мәнінде, ырыстың бастауы – үнемшілдік. Дамыған елдерде жарық пен суға дейін үнемдеп пайдалану жоғары деңгейдегі қоғамдық мәдениетке айналған. Ал бізде бұған мүлде кереғар жағдай қалыптасқан. Миллиондаған адамның ысырапшылдығы бүкіл елдің байлығын желге ұшырады. Мысалы, су мәселесі»,- деді Тоқаев. 

Оның айтуынша, бізде суды үнемдеуге байланысты қалыптасқан дәстүр жоқ. 

«Оны ашық мойындауымыз керек. Ал су болашақтың байлығы екенін бүкіл әлем мойындайды. Бұл – Қазақстан үшін аса маңызды мәселе. Себебі елімізде су тапшылығы пайда болды.Бізде материалдық қана емес, рухани ысырапшылдық та бар. Өзіңді, еліңді дамытуға қажетті қаншама алтын уақыт өнбейтін дау-дамайға, еш пайдасы жоқ іске жұмсалып жатыр. Әрқайсымыз үнемшіл әрі ұқыпты болсақ, еліміздің берекесі арта түсер еді. Ұрпақтың санасына осыны сіңіре беруіміз қажет. Осы дерттің бәрінен түбегейлі арылсақ, ұлтымыздың сапасын жақсартамыз, оны мүлде жаңа деңгейге көтереміз»,- деді ол. 

Президент атағандай, қоғамға қауіпті кеселдермен күресуге зиялы қауым, ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, барлығы бір кісідей жұмылуы керек. 

«Мұны әрбір азаматтың және бүкіл қоғамның міндеті деп түсіну қажет. Себебі бұл – ұлттың болашағына тікелей қатысы бар мәселе»,- деді Президент. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.