Екі мыңға жуық жұмысшы далада қалуы мүмкін – депутат

Автор: Аманалина Тоғжан

Өңірлердегі мәселелер AMANAT фракциясы депутаттарының назарында

Фото: freepik.com

Жетісу облысындағы «Қайнар» аккумулятор зауыты және Батыс Қазақстан облысындағы «Кама Қазақстан» мен «ALTRA TYRES» компанияларында болған мәселені AMANAT партиясы фракциясының депутаттары Мәжіліс қабырғасында көтерді.  

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалда кәсіпорындардың тоқтап қалу қаупі туындап отырғаны айтылды.  

«Елге атышулы болған бұрынғы РОП, қазіргі «Жасыл даму» «Қайнар» кәсіпорнынан 2022 жылдың 1 тоқсанынан 2023 жылдың 1 тоқсанына дейінгі кезеңде 85 миллиард теңге мөлшерінде утиль төлемін төлеуді талап етіп отыр. Осы уақытқа дейін «Қайнар» кәсіпорны бұндай төлем төлемеген. Себебі Экология Кодексінің 386-бабына сәйкес, аккумулятор батареяларын, оларды өндіру үшін тиісінше Қазақстан Республикасының аумағында қайта өңделген және кәдеге жаратылған, пайдаланылған аккумулятор батареяларының кемінде отыз пайызы пайдаланылған жағдайда, өндірушілерге кеңейтілген міндеттемелер қолданылмайды. Яғни, заң бойынша бұл зауыт утиль төлемін төлемеу керек. Осыған қарамастан, «Жасыл даму» осы норманы басшылыққа алмай, зауыттан негізсіз төлем төлеуді талап етуде», - деді депутат Болат Керімбек.

«Қайнар» кәсіпорны «Жасыл дамуға» пайдаланылған аккумуляторлық батареялардың қайта өңделген және кәдеге жаратылған қалдықтардың көлемін растайтын есепке алу құжаттамасын ұсынуға дайын екендігін білдірген. Алайда «Жасыл Даму» құжаттарды қабылдаудан бас тартқан.

«Қайнар» аккумулятор зауытының 50 жылдық тарихы бар. 1975 жылы іске қосылған. Кезінде Талдықорғандағы қорғасын аккумулятор зауыты КСРО-дағы бес аккумулятор өндірушілерінің бірі болған. Бүгінгі күні зауыт – аккумулятор батареяның барлық бөлшегі мен құрамдас бөліктерін шығаратын отандық өндіруші, яғни толық өндіріс циклын қамтамасыз ететін ірі кәсіпорын. Зауыт өнімінің 70% экспортқа шығарылады және ішкі сұраныстың 85% аккумулятормен қамтамасыз етеді. 

Қазіргі таңда бұл кәсіпорынның тоқтап қалу қаупі туындап отыр. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» дейміз. Бірақ өңірлік кәсіпорындарға қолдау көрсетудің орнына, олардың жұмысына кедергі келтіреміз. Мекеменің жылдық табысынан едәуір көп, жоқтан пайда болған төлемді төлейтін болса, онда зауыт өз жұмысын тоқтатады. Тура осыған ұқсас жағдай Батыс Қазақстан облысында да орын алған. Автомобиль дөңгелектерін импорттаушы және қайта өндеуші «Кама Қазақстан» және «ALTRA TYRES» компанияларына «Жасыл даму» 1 млрд 131 млн теңге мөлшерінде утиль төлемін төлеуді талап етуде», - деді Болат Керімбек.  

«Қайнар» аккумулятор зауытында 1200 жұмысшы, ал «Кама Қазақстан» және «ALTRA TYRES» компанияларында 600-ден астам адам жұмыс істейді.

Авторы: Сымбат ҒАЛЫМЖАН